Петропавлда 14 өрт сөндіру бекеті ашылады
Солтүстік Қазақстан облысында жыл соңына дейін 14 өрт сөндіру бекеті ашылады. Бұл жұмыстар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
Сонымен қатар Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы да нығайтылып келеді. Биыл 1,5 млрд теңгеден астам қаржыға озық үлгідегі техникалар алынды.
Құтқарушылар іздеу жұмыстарында заманауи технологиялардың көмегіне жүгінеді. Арнайы құрылғылар жоғалған адамдарды тауып, қауіпті аймақтардың алдын ала тексеруге мүмкіндік береді. Соның бірі – су астын зерттеуге арналған дрон.
Саян Ғалымжанов, ТЖД Жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары:
- Егер де ол жерде қатты ағын немесе бір қауіпті жағдайлар болатын болса, біз бірінші осы дронды түсіреміз. Соның бәрін сол жерді қарап, содан кейін бірақ сүңгуірді сол жерге түсіреміз. Ол және де бізде қысқы уақытта мұздың астында сондай жерлерде қолдану өте ыңғайлы.
Құтқарушылардың базасында жасанды интеллектімен жабдықталған дрон да бар. «Құрылғы әсіресе орман мен далада іздеу кезінде тиімді», - дейді мамандар.
Дулат Кенжебаев, қалалық ТЖБ аға инженері:
- Бұл құрылғы іздеу-құтқару жұмыстарының тиімділігін арттырды. Тепловизор мен жасанды интеллектінің көмегімен орман немесе далада адасып кеткен адамдардың орналасқан жерін жылдам әрі дәл анықтай аламыз.
Жалпы Төтенше жағдай қызметінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға былтыр жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Ал биыл тағы 1,5 млрд-тан астам теңге қарастырылған. Бұған озық үлгідегі техникалар алынды.
Марина Самойленко, ТЖД ресми өкілі:
- Былтыр республикалық бюджет есебінен 23, жергілікті бюджеттен 11 арнайы техника алынды. Биыл тағы 6 техника жеткізілді. Жыл соңына дейін 20 өрт сөндіру автоцистернасын әкелу жоспарланған. Соңғы екі жылда бұл бағытта ауқымды жұмыстар атқарылды.
Өңірде «Ауыл құтқарушылары» жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Биыл 17 өрт сөндіру бекеті ашылып, 88 елді мекенде тұратын халықтың қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. «Жоба ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға да мүмкіндік береді», - дейді мамандар. Өрт сөндіруші болуға ниетті 151 адам арнайы дайындықтан да өткен.
Ербол Мұханбетәлин, ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасының бастығы:
- Департамент өрт сөндіру бекеттеріне 26 арнайы техника, 50 жиынтық жауынгерлік киім мен байланыс құралдарын табыстады. Ауылдардың көбі аудан орталықтарынан шалғай орналасқан. Төтенше жағдай кезінде көмек жеткенше уақыт жоғалтамыз. Сондықтан тұрғындарға жедел көмек көрсету үшін бұл жобаны дамытуға басымдық бердік.
Ал жыл соңына дейін өңірде тағы 14 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарланған.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков