Жасанды интеллект - жаңа мүмкіндіктер

Бұрын әлем елдері мұнай қорымен мақтанатын еді. Қазір жасанды интеллект бәсеке құралына айналды.

Яғни жаңа технологияларды кім жылдам меңгерсе, соның бәсі биік болмақ. Бұл жаһандық үрдістен біздің ел де шет қалып отырған жоқ. Былтыр Жасанды интеллект министрлігі құрылды. Ал отандық стартаперлер сыртқы нарыққа шамамен 1 млрд доллардың өнімін сатқан. Ал биыл Президент жарлығымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды.

Бүгінде жасанды интеллект басты бәсеке құралы. Оның даму деңгейі бүкіләлемде мына көрсеткіштер бойынша анықталады.Олар: мамандар шоғыры, лайықты инфақұрылым, операциялық орта, зерттеулер мен әзірлемелер, Үкімет стратегиясы және стартап жобалар. Бұл бағытта біздің елде ауқымды жұмыс қолға алынды. Соның нәтижесінде Қазақстан былтыр сыртқы нарыққа шамамен 1 млрд доллардың айти өнімін сатты.

Жаслан Мәдиев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:

- Бүгінде ІТ экспорт пен Astana Hub резиденттерінің табысы артып жатыр. Резиденттердің табысы 800 млрд теңгеден асса, өнімдерінің экспорты 1 млрд долларға жетуі керек. Мемлекет басшысы бұл міндетті 2026 жылға қойып еді. Біз 2025-те орындап қойдық.

Ал IT өнімдері мен қызметтер  экспортының пайдасы қандай болмақ? Енді осыны тарқатайық. Сала мамандарының айтуынша, соның арқасында бюджетке салық түсімдері молайады, жоғары жалақысы бар жұмыс орындары ашылады, халықтың табысы артады. Бір сөзбен, ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Президент 2026 жыл -  Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Демек жасанды интеллектіні қоғамның барлық деңгейіне енгізуге күш салынады. Яғни балалардан бастап, ірі компаниялар мен мемлекеттік құрылымдарға дейін.

Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

- Біз Қазақстанмен және Орталық Азия университеттерінің арасындағы ең үлкен суперкомпьютерді орнаттық. Оның көлемі 2 мың терофлокс. Бұл 600 мықты компьютердің арасына кіреді. Ал қазіргі таңда суперкомпьютер ЖИ пайдалана отырып және бұрын айлар бойы, жылдар бойы есептейтін материалдарды қазір минуттар, сағаттардың ішінде есептеп нәтижесін береді.

Жастар - экономиканың қозғаушы күші. Кез келген жаһандық жаңалықтарды алдымен жас буын меңгеруі тиіс. Ал оқу орнындағы бұл суперкомпьютер жас ғалымдарға үлкен қолдау, - дейді ұстаздар қауымы . Жуырда астанада «Alem.AI» халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Онда мектеп оқушылары мен студенттер зерттеу жасап, стартап жобаларын жүзеге асыра асырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде тиісті білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, 650 мыңнан астам студент AI-Sana бағдарламасы аясында білім алды. Көп ұзамай Жасанды интеллект мамандандырылған зерттеу университеті ашылады. Жасанды интеллект пайда болғаннан бері болашақтың кемесіне мініп үлгеретін елдер мен ескі заманда қалып қоятын елдердің арасы алшақтай бастады. Сондықтан мен цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні Қазақстанның даму жолындағы басым бағыт деп жарияладым. Биыл өте көп шаруа атқарылады. Осы айрықша маңызды жұмыстың табысты боларына сенемін.

Иә, жасанды интеллект экономиканы ғана емес, тұтас қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертіп жатыр. Ал оның қарқынан ілесу - таңдау емес, талап. Биыл елде цифрландыру ауқымы кеңейіп, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін салалар саны артады. Десе де қауіпсіздік басты назарда. Өткен жылы киберқауіпсіздікті арттыру мақсатында 1 млн-нан астам маман арнайы оқыту курсынан өтті.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Арман Ақшабаев