Оралда инженерлік желілер жаңғыртылып жатыр
Биыл Оралда 29 млрд теңге бөлініп, кәріз стансалары мен ауыз су нысандары жаңғыртылады. Бұл жұмыстар инженерлік желілерді жаңартудың ұлттық жобасы аясында іске асады.
Салынғанына жарты ғасырдан асқан кәріз желілерінің 63 пайызы әбден тозған. Су сорғы стансалары да жаңғыртуды қажет етеді.
Күн жылып, қар ерісе немесе нөсер жауса, Оралдың орталығы бұрын сусыз қалатын. Өйткені тозығы жеткен кәріз желілері жан жақтан құйылған тасқын суға шыдас бермейтін, көне сорғылар көп суды айдап үлгермейтін. Соңғы жылдары жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қазір қиындықтар артта қалды. Дегенмен мәселенің түйіні толық тарқатылған жоқ деп санайды тұрғындар.
Ольга Ерёмина, Мүлік иелері бірлестігінің төрағасы:
- «Школьник» ауданындағы кәріз суға жауапты стансаны алдыңғы жылы жөндеді. Қазір шайынды судың кетуі жақсарды. Дегенмен желілер тозып тұр. Сол себепті қаланы сумен, жылумен қамтушы кәсіпорындар желілерді жаңғыртуға баса назар аударса дейміз.
Инженерлік желілерді жаңартудың ұлттық жобасы аясында биыл қалада екі кәріз стансасы жаңғыртылуда. Соның бірі – Самал шағын ауданындағы №18 станса. Қайта құру жұмыстарынан кейін толық жаңартылып, заманауи сорғылар орнатылған нысан 60 мыңдай тұрғынды қамтиды. Жоба құны 1 млрд теңге.
Мақсат Геюшев, учаске бастығы:
- Қазір негізгі жоспарланған жұмыстар 90% атқарылды. Өте қуатты жабдықтар орнатылды. Бес сорғының екеуі істесе, 3-і резервте тұрады. Апатты жағдай болса, яғни сорғылардың бірі істен шықса, станса тоқтап қалмайды. Бұл сорғылар әрқайсысы сағатына 350 текше метр суды айдауға қауқарлы. Бұрын тек бір сорғы болды. Сағатына 50 текше метр қалдық суды әрең тартып жүрді.
Биыл облыс орталығында жалпы сомасы 29 млрд теңгеге бес ауқымды жоба жүзеге асып жатыр. Нысандар тапсырылған кезде қала мен Зашаған кентінде тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарады. Байқоныс ауылындағы ұңғымалрды бұрғылау нәтижесінде шаһар халқы сапалы ауыз сумен қамтылады.
Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:
- Одан бөлек, екі үлкен нысан бар. Трекиндегі «подземный водозабор» дейміз, соны толықтай реконструкция жүруде. Сонымен қатар Трекиннен қалаға келетін су құбыры, тұрбасын толықтай ауыстыру да осы компания жүргізуде. Осы екі нысан ең үлкені болып табылады. Екеуінің жалпы құны 21 млрдты құрайды. Қаламыздағы барлық кәріз жүйесі болсын, су жүйесі болсын, мәз емес. Алайда жылма-жыл оны жақсартудамыз. Қазіргі таңда кәріз жүйесінің апатты деп танылуы 63% құрап тұр.
Сонымен қатар Орал қаласының әкімдігі биыл отандық және ресейлік серіктестермен бірге шаһардан шығатын шайынды суды тазалау қондырғысының құрылысын бастамақ. Аса ауқымды жобаның құны 58 млрд теңге.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қалыбек Ақрап, Эльдар Аюпов