Ақмола облысында 3000-ға жуық азаматтың құқығы қорғалды

Ақмола облысында үш мыңға жуық адамның құқығы қорғалды. Құзырлы органға түскен арыз-шағымның басым бөлігі жер қатынастары саласындағы заңбұзушылыққа қатысты.

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент өкілдерінің араласуынан кейін, 4 фермерлік шаруашылықтың жерді жалға алу мерзімі ұзартылды. Сонымен қатар алдағы уақытта субсидия төлеу үшін 178 кәсіпорын резервке қойылды. Мемлекеттік қызметтерді көрсету барысында жіберілген заңбұзушылықтар үшін 54 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Әнуар Омаров, облыстық Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары:

– Шағымдарды қарау, тексерулер жүргізу, сондай-ақ департамент тарапынан жүргізілген сыртқы бақылау нәтижесінде 2713 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді. Әкімшілік құқықбұзушылық бойынша 53 іс қозғалды. 3 млн теңгеден астам сома көлеміндегі барлық айыппұлдар қысқартылған өндіріс тәртібімен бюджетке өндіріп алынды.