Кәсіпкерлердің қолма-қол ақша шешу лимиті қанша?

Кәсіпкерлер кез-келген соманы қолма-қол шешіп ала алмайды. Себебі белгіленген лимит бар.

Ол сақталмаса қандай шара қолданылады? Былтыр Ұлттық банк, Қаржы министрлігі және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бірлескен қаулы қабылдаған. Онда кәсіпкерлер белгіленген лимиттен артық қолма-қол ақша шешсе, мақсатын түсіндіруге міндетті, - деп жазылған. Лимит не үшін қажет? Кәсіпкерге кедергі емес пе?

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елде банк шоттарынан қолма-қол ақша шешудің жаңа тәртібі күшіне енді. Талап заңды тұлғалар және жеке кәсіпкерлерге қолданылады. Қолма-қол ақша шешуге шектеуден ресми түрде босатылған субъектілер бар, олардың тізімін Ұлттық банк жеке бекітеді. Лимит мөлшері қанша? Шағын бизнес иелері ай сайын 20 млн теңгеге дейін қолма-қол ақша шешіп ала алады. Орта бизнес үшін айына 120 млн теңге, ірі бизнес үшін 150 млн теңге деп шектеу бекітілген. Бұл лимиттің шегінде кәсіпкер ақшаны стандартты тәртіппен, банкке барып, өтініш беру арқылы шешіп алады.

Ал егер лимиттен артық қолма-қол ақша қажет болса, мақсатын құжаттармен дәлелдеуі тиіс. Мәліметтерді мемлекеттік органдарға беруге келісімін ұсынады, тәуекелдерді тексеру нәтижесін күтеді. Тексеру нәтижесі 1 айға жарамды болады. Ал тәуекел критерийлері жарияланбайды, бұл – құпия дерек.

Қолма-қол ақша шешуге шектеу:

Заңды тұлғалар;

Жеке кәсіпкерлер;

Ресми босатылған субъектілер.

Ай сайынғы лимиттер:

Шағын бизнеске - ₸ 20 млн дейін;

Орта бизнеске - ₸ 120 млн дейін;

Ірі бизнеске - ₸ 150 млн дейін.

Мәселені екінші қырынан қарайық. Қолма-қол ақша шешуге лимит қойылмаса, не болады? Нарықта шағын, орта және ірі кәсіп иелері бар, онда миллиондаған қаржы айналымда жүр. Әрқайсысы кез-келген соманы қалаған уақытында шешіп ала берсе ше? Сұраққа жауапты қаржы саласының сарапшысынан сұрап көрдік.

Айбар Олжай, Қаржы саласының сарапшысы:

- Ақшаны түгел шешіп алу біріншіден, жемқорлық фактілерін күшейтуі мүмкін, мысалы пара беру. Екіншіден, жұмысшыларына өз салығын төлемей, құқығын қорғамай минималды айлықты ұстап қалған ақшаны конвертпен беруі мүмкін. Үшіншіден, белгілі бір операцияларды салықтан тыс сатып алу-сату операцияларын жүзеге асыру үшін алу мүмкін. Осы салада мемлекет енді тәртіп орнатпақ. Шектен асып кеткеннен кейін әрі қарай ол ақшаны не үшін алу керек, оны құжатпен дәлелдеу керек. Ол ақшаны шешуге болады. Бірақ ол үшін белгілі бір сатып алу контракті немесе белгілі бір құжатты көрсету керек банкке.

Белгіленген лимиттен асатын қолма-қол ақшаны шешкенде оның мақсатын дәлелдеу талабы елде 2020 жылдан бері қолданыста бар. Ұлттық банктің хабарлауынша, бұл тәртіп өзгермеген, тек құжат жүзінде жаңа Салық кодексіне сай сәйкестендірілген.

Нұржан Биякаев, Банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы:

- Бұл талап Ұлттық банктің қаулысына сай бұған дейін енгізілгенін атап өту керек. Тек белгілі бір өзгерістер енді. Ол биыл жаңа Салық кодексінің күшіне енуімен байланысты. Алайда ешқандай күрделі өзгеріс көзделмейді. Лимит бұрынғы деңгейде қалды, кейінгі 5 жылдан бері өзгерген жоқ.

Кейбір кәсіпкерлер лимит жайында: Сонда біз өз ақшамызды өзіміз шеше алмаймыз ба?, - деген пікір айтқанын да байқадық. Бірақ іс жүзінде ешбір тарапқа кедергі келмеуі тиіс. Сарапшылар ақша айналымында теңгерімділік сақталатынын айтты.

Айбар Олжай, Қаржы саласының сарапшысы:

- Әрине, әпкімнің ақшасын шешуге, пайдалануға құқығы бар. Бірақ қазір салық заңнамасы толық орындалуға міндетті. Менің ойымша, бұл дұрыс қадам, себебі барлық этаптар белгілі бір бақылаудың деңгейінде болып ақырындап дамып отыру керек. Мемлекет өз балансын 16% ҚҚС-пен 20-25% КПН-нен тапты, кәсіпкерлер де өзінің белгілі бір балансына келді. Барлығы осы тепе-теңдік арқылы шешіледі.