БҚО-да жабайы жануарларға жем-шөп шашылды

Батыс Қазақстан облысындағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемелерінде жабайы аң-құстарды қолдан қоректендіру жұмыстары басталды.

Қазір аймақта шамамен 1,5 мың қабан, 1600-ге жуық елік және 25 мыңдай қоян бар. Қысқы кезеңдегі биотехникалық шаралар ең алдымен жануарлардың табиғи өлім-жітімін азайтып, санын көбейтуге бағытталған.

Орал орман шаруашылығы мекемесіне тиесілі 29 мың гектар аумақ негізінен Жайық өзені бойында орналасқан. Мамандардың міндеті тал-дарақты жазда өрттен, қыста заңсыз кесуден қорғау ғана емес, осы аумақтағы аң-құсты да сақтап-көбейту. Әсіресе қар қалың түскенде жануарлардың тебіндеуі қиындайды. Сол кезде орманшылар көмекке келеді. Орал орман шаруашылығында жем-шөп шашатын 10 орын белгіленген.

Қайрат Есенғалиев, Орал орман және жануарлар дүниесін қорғау кмм басшысы:

- Орал орман шаруашылығы мекемесі аумағында визуальды есеп бойынша 250-300 шамасында еліктер, сол шамада жабайы шошқалар қабандар мекен етеді. Қоректендіру жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Оған мекемемізден арнайы қаражат та бөлінеді. 2025 жылы 630 мың теңге бөлініп, оған 5 тонна жем сатып алынды, сонымен қатар жаз уақытында шөп дайындау жұмыстары жүргізілді.  

Орманшылар арнайы орындарға жем-шөп қалдырып кетеді. Артынан астауларды қарап жүреді. Азық азайса қайта толтырады. Жануарлар негізінен түнде жейді екен.

Қабан, еліктерді қолдан қоректендіру жұмыстары мемлекеттік орман шаруашылықтарында ғана емес, жеке аңшылық шаруашылықтарда да жүріп жатыр. Біз қазір сондай ұйымдардың бірінде тұрмыз. Осы жерде қабандарды жақыннан көрудің сәті түсті. Шыны керек, бұлар қолға үйретілген қабандар. Әйтпесе табиғат аясындағы жабайы жануарлар адамдарды бұлайша жақындатпақ түгілі, шырт еткен дыбыстан шығандап кетері сөзсіз.

Облыста 8 мемлекеттік орман мекемесі, 44 аңшылық учаскесі бар. Осы нысандармен қысқы мерзімге 358 тонна жем, 95 тонна шөп дайындалыпты.

Дархан Закарин, БҚО Табиғи ресурстар және ТПР басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұған бюджеттен қаржы қаралмайды. Орман шаруашылығының жеке табыстары есебінен жасақталады. Шөпті сатып алмаймыз. Көктем-жазда жинаймыз. «Снобтар» жинаймыз. Дәнді «сноб» дейді. Дәні бар, жемісі бар шөптерден жинақтап кептіріп қоямыз. Қыста осындай уақытта жабайы жануардың қоректендіруіне тоғайдың, орманның ішіне апарып ілеміз. Қазір аңшылық шаруашылықтардың есебі бойынша 1500 қабан, 1600 елік, 25 мыңдай қоян, 3 мыңдай түлкі-қарсақ сондай есептері алынып отыр.

Орман ішіндегі азғантай елік-қабандарды қолдан азықтандыруға болар. Ал миллиондаған киіктің күйі нешік? Мамандардың мәлімдеуінше қазір ақбөкендер Нарын құмына ойысқан, алды Атыраудың аумағына өткен.

Нұрлан Рақымжанов, БҚО Орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау инспекциясының басшысы:

-  Биыл Атырау облысына жылдағыға қарағанда көп киіктер ауысып жатыр. Енді оған қардың қалың болуы да себеп болар. Сосын реттеу жұмыстары да әсер еткен болар. Қазір Атырау облысында жылдағыдан көп. Қазіргі уақытта «Охотзоопром» мекемесінің топтары бақылап жүр. 4 топ, 20 шақты адамымыз басында жүр.

Биыл өңірге қыс кеш келді. Желтоқсанның ортасына дейін аяз да, қар да болған жоқ. Дегенмен есесін одан кейінгі жауын-шашын толтырды. «Қазгидромет» мекемесінің мәліметінше солтүстікте қазір қар қалыңдығы 24 см жетсе, оңтүстік аудандарда 9 см қар түскен.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов