Шонжы-Көктал-Алматы трассасында бес қарақұйрық ұшасы табылды
Шонжы-Көктал-Алматы автожолында инспекторлар күдік тудырған автокөлікті тоқтатып, оның ішінен аңшы мылтығымен атылған бес жануардың ұшасын таппты, деп хабарлайды 24KZ.
Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімдегендей, арнайы жүргізілген рейдтік іс-шара барысында күдік тудырған көлік тоқтатылған. Алдын ала мәлімет бойынша көлік ішіндегі азаматтар ол қарақұйрықтарды Шонжы МҰТП Темірлік аймағына жақын маңнан атқан болуы мүмкін. Жабайы жануарлардың нақты түрі мен жынысы сараптама қорытындысы арқылы анықталады. Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп, азаматтардың оқиғаға қатыстылығы мен болған жағдайдың барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Авторы: Ардақ Айбарұлы