Ақтөбе облысында 1 млн ауыл тұрғыны сапалы медицинаға қол жеткізді

2023-2025 жылдар аралығында еліміздегі ауыл-аймақтарда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысаны бой көтерді.

Олардың қатарында медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік және дәрігерлік амбулаториялар бар. Соның нәтижесінде 228 ауылда медициналық мекеме алғаш рет ашылып, ал 427 нысан ескірген ғимараттардың орнына  салынды.

Ақтөбе облысы Қобда ауданына қарасты Бегалы елді мекенінің тұрғындары жуырда қуанышқа бөленді. Ауылда заманауи медициналық пункт пайдалануға берілді. Енді тұрғындар ем-дом үшін алысқа бармайды. Ауданы 150 шаршы метрден асатын орталық бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады. Ғимарат құрылысына «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 132 млн теңге бөлінді.

Жұлдыз Сабырова, дәрігер:

- Мұнда заманауи талапқа сай барлық медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Медициналық пункте алғашқы көмек көрсету, профилактикалық екпелер, жүкті әйелдер мен балаларға арналған алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.

Елде 1 млн ауыл тұрғыны дәл осындай сапалы медициналық көмекке қол жеткізді. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы Президент тапсырмасы бойынша іске асып жатыр және үш негізгі міндетті көздейді: Ол -  елді мекендерде медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарының желісін дамыту, шұғыл медициналық көмек көрсетуді уақтылы қамтамасыз ету әрі ауылдық медициналық ұйымдарды білікті мамандармен жасақтау.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Жалпы 655 нысанның жұмысын қамтамасыз ету үшін ел бюджетінен және арнаулы мемлекеттік қор есебінен 119 млрд теңге жұмсалса, кейінгі үш жыл ішінде ауруханаларды жөндеуге шамамен 70 млрд теңге бөлінген. Мұның бәрі халық игілігі үшін жасалып жатыр.

Елде облыстық ауруханалар мен перинаталдық орталықтарды жаңғырту жобасы да белсенді жүзеге асуда. Бастама өңірлердегі салалық бөлімшелер тапшылығын жойып, сапалы дәрігерлік көмекті жергілікті деңгейде қолжетімді етуді мақсат тұтады. Сондай-ақ биыл саланы цифрландыру жалғасады.

Асқар Арғынбаев, ҚР ДСМ Электронды денсаулық сақтауды дамыту департаментінің директоры:

- Медициналық ұйымдарда кез келген көрсетілген медициналық көмектегі толыққанды ақпаратты, оның ішіндегі клиникалық, медициналық мәліметтер, олардың сол медициналық ұйымда алған барлық ем шаралары туралы, олардың диагноздары, анамнездері туралы толыққанды ақпарат барлығы орталықтандырылған жүйеде жинақталады. Мәліметтің көптігі ЖИ-ді енгізуге көп мүмкіндік береді.

Ұлттық жоба аясында ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау нысандары үшін 1100 медицина қызметкерін даярлау қарастырылған. Сондай-ақ емдеу мекемелерінде дәріхана пункттері ашылады.