Үкіметте СҚО-ның әлеуметтік даму мәселесі қаралды
Бүгін Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Солтүстік Қазақстан облысының әлеуметтік дамуы, жан-жақты талқыланды.
Жиынға әлеуметтік блокқа жауапты салалық министрліктердің басшылары мен облыс әкімі Ғауез Нұр-Мұхамбетов қатысты. Кеңесте ең алдымен денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, аурулардың алдын алу мен ерте анықтау жұмыстарын күшейту, скринингтік бағдарламалардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ халыққа стоматологиялық көмектің қолжетімділігін кеңейту қажеттігі сөз болды. Білім беру саласы бойынша мектепке дейінгі және орта білім берудегі өзекті мәселелер көтерілді. Педагог кадрлардың даярлық деңгейі, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру жолдары талқыланды. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бағыты аясында әлеуметтік саланың Бірыңғай цифрлық платформасының жұмыс тиімділігіне талдау жасалды. Жиында Ғылым және жоғары білім мәселелері жеке блок ретінде талқыланды. Бұл бағытта білім беру тапсырысын қалыптастыру, кадр даярлаудың практикаға бағытталуы және еңбек нарығының нақты сұранысына сәйкестігі басты назарда болды. Сонымен қатар өңірде бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру және туризм саласын ілгерілету жолдары сөз болды. Кеңес қорытындысы бойынша Аида Балаева өңір басшылығы мен жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.