ҚМА жүйесіне үш генерал шені қосылады

Қаржылық мониторинг агенттігі қызметкерлерінің алаңсыз жұмысы үшін қажет жағдай жасалып жатыр. Кадрлық құрам ұлғайып, нығая түсті. Материалдық-техникалық қор жақсарды.

«Жалақы көтерілді, баспана берілді. Көптеген әлеуметтік мәселе де шешімін тапқан. Тіпті Агенттік жүйесіне үш генерал шенін қосуға болады», - деді Президент. Бұл шешім облыстардағы үздік қызметкерлердің мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақ нығайып келеді. Еліміз Financial Action Task Force ұйымының тексерісінен сәтті өтті. Қазақстан 2023 жылдан бері «Эгмонт» тобының қаржылық барлау бірлестігінде Еуразия аймағының мүддесін қорғайды. 20 ірі криптобиржамен сындарлы серіктестік орнады. Елде блокчейн-талдаумен айналысатын «Криптон» арнайы құрылымдық бөлімшесі ашылды. Былтыр қаржыны қолма-қол ақшаға айналдыратын 200-ге жуық жалған компания әшкереленді. Олардың заңсыз айналымдағы қаражаты 500 миллиард теңгеден асады. 80-нен аса қылмыстық топ құрықталды. 100-ден астам қаржы пирамидасы жойылған.