332 адамды алдады: «Buyers Union» қаржы пирамидасына қатысты іс сотқа жолданды

Фото: depositphotos.com

Қаржылық мониторинг агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті «Buyers Union» қаржы пирамидасының қызметін ұйымдастырды және оған басшылық жасады деген күдікке ілінген бес адамға қатысты тергеуді аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жолданды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеу мәліметінше, күдіктілер өз қызметтерін заңды етіп көрсету үшін тұтыну кооперативі мәртебесін пайдаланған. Осы мақсатта олар ірі бизнес орталықтарынан кеңселер жалдап, еліміздің бірқатар өңірінде бөлімшелер ашқан.

Атап айтқанда, кеңселер Астана, Ақтау, Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қарағанды, Тараз, Шу, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ басқа да елді мекендерде жұмыс істеген.

Әлеуметтік желілер мен интернет платформаларында кооперативтің қызметтері белсенді жарнамаланған. Азаматтарға баспана немесе автокөлік сатып алу үшін «пайызсыз» қарыз алу, қолданыстағы несиелерін қайта қаржыландыру, сондай-ақ Trade-in бағдарламаларын пайдалану мүмкіндігі ұсынылған.

Алайда мұндай қаржылық мүмкіндіктерді пайдаланудың басты талаптарының бірі кооперативке жаңа мүшелер тарту болған.

Азаматтар бастапқы үлестік жарнасын төлегеннен кейін кезекке тұрған. Ал олардың кезектегі орны мен қозғалысы жаңадан қосылған қатысушылардың қанша қаражат салғанына байланысты анықталған.

Кооператив мүшелерімен жұмыс істеу үшін «TrustContact» және «TrustMe» цифрлық платформалары пайдаланылған.

Бұл платформалар арқылы қатысушылар келісімшарттарды онлайн рәсімдеп, жеке кабинеттеріне кіре алған. Сондай-ақ салған қаражаты мен кезектің жылжуын бақылау мүмкіндігі болған.

Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, осындай жолмен 332 азаматпен жалпы сомасы 562 млн теңгеден асатын келісімшарт жасалған.

Соттың санкциясымен алты автокөлікке, сондай-ақ 5 513 USDT және 1 003 Futeres көлеміндегі криптоактивтерге тыйым салынған.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа жолданды.

Өзге мәліметтер Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз: