Әскерилер пойызбен тегін жүреді

Сарбаздың тұрмысы түзу, жағдайы жақсы болғаны керек. Жаңа жылдан бастап, елде әскерилер мен олардың отбасы мүшелері пойызда жылына бір рет тегін жүреді.

Шығынды ұлттық тасымалдаушы компания өз мойнына алады. Жолаушы пойыздарына берілетін жеңілдік отан қорғаушылардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, мамандықтың мәртебесін арттыруды көздейді. 

Ерлі-зайыпты Жандос Құлбаев пен Салтанат Қонқарова Оралдағы әскери бөлімде қызмет етеді. 4 бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Бірі Солтүтік Қазақстан облысынан болса, екіншісі Түркістан облысының Сарыағаш ауданынан. Екеуі Петропавлдағы Ұлттық Ұланның академиясында танысған. Содан бері жұбы жазылған емес.

Жандос Құлбаев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының басқарма басшысы:

- 25 жыл әскерде қызмет етіп келемін. Орал қаласын бесінші қала деп айтуға болады. Қазіргі таңда әскери қызметшілер үшін бүкіл жағдайды жасап жатыр. Әр адам басына пәтер жалдаймыз десең, ақысын төлейді. Біз Орал қаласына келдік. Құжаттарымызды балабақшаға, мектепке тапсырдық. Әскери қызметші ретінде бірінші кезекте қабылдап орналастырып, бәрін жайғастырып қойды. Бастысы адам адал қызметін атқарса болды, ешқандай қиыншылық жоқ.

Биылдан бастап әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері пойызбен тегін жүре алады. Олар бұл жеңілдікті жылына бір рет пайдалана алады.

Салтанат Қонқарова, №5517 әскери бөлімінің қызметкері:

- 2026 жылы заң енгізілді деп естігенде жақсы жаңалық деп ойлаймын. Біздің жанұямызға теміржол билетіне есептегенде бір жаққа Түркістан облысына алпыс мың теңге керек. Барып келуге 120 мың теңге керек. Қазіргі уақытта екі кішкентайға билет алмаймыз. Екі қызға бір ересек, бір «детский» аламыз. Сонда екі жаққа есептегенде 120 мың теңге үнемдейін деп отырмыз.

Оралдағы Ұлттық Ұланның әскери бөлімінде 4,5 мыңдай қызметші болса, жартысынан астамы офицерлік құрам, келісім-шарт бойынша қызмет етіп жатқан мамандар.

Думан Ғалиев, Ұлттық ұланның Батыс өңірлік қолбасшылығы штаб бастығының орынбасары:

- Біздегі әскери қызметшілердің басым бөлігі өзге өңірдің азаматтары. Ол барлық жерде де солай. Еңбек демалысын алған кезде олар туған жеріне, тума-туыстарына барғысы келеді. Енді олар теміржолда тегін жүре алады. Бұл жеңілдік әскери қызметтің абыройын арттырып, жастардың отан қорғауға қызығушылығын күшейтеді деп ойлаймын.

Әскери қызметкерлерге жылына бір рет пойызбен тегін жүру билеттері теміржол кассаларында, тек ел ішіндегі маршруттарға, плацкарт вагондарға ғана беріледі. Егер отбасы мүшелерінің бірі мүмкіндігі шектеулі жандардың санатынан болса, купе вагондарға билет алуға мүмкіндік бар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов