Қапшағай су қоймасында рейд өтті

Қар қалың, мұз қатты дегенмен қыста балық аулау да қауіпті. «Сақтықта қорлық жоқ».

Қапшағай су қоймасында тақауда үш балықшы суға кетіп қала жаздады. Қазір мұнда ойықтан балық аулашылар көп. Демалыс күндері тіпті екі мыңға дейін әуесқой балықшы келеді. Бірақ көбі қауіпсіздікті ескере бермейді, – дейді мамандар.

Қапшағай су қоймасы 24 балық аулау теліміне бөлінген. Әуесқой балықшылар соның үшеуіне тегін кірсе, қалғанына жолдама сатып алады. Бекітілмеген жерден әр адамға 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат. Ал қалған телімдердегі жолдама құны екі мың теңге тұрады. Балықшылар қыс мезгілінде Қапшағай су қоймасына негізінен торта аулау үшін келеді.

Есен Тоқтасынұлы, әуесқой балықшы:

- Тазалығына, қауіпсіздігіне қарайды. Қай жерге бару керек, бармау керек екенін әрқашан белгілеп қояды. Сондықтан бәрімізге де балықтан өмір қымбат қой, қауіпсіздікті сақтау керек. Мынандай қауіпсіздік жилеттерін кию керек. Ара қашықтықты сақтау керек.

Төтенше жағдайлар департаменті мен Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының және табиғат қорғау полициясы қызметкерлері мұз үстінде рейд жүргізіп, бірқатар заңсыздықты анықтады. Әуесқой балық аулаушылардың дені көлге жолдама алмай келеді. Құтқару жилетінсіз жүргендер де аз емес.

Мұрат Құдайбергенов, Қонаев қалалық ПБ инспекторы:

- 2025 жыл бойынша қалалық Полиция басқармасының қызметкерлерімен аталған рейдтік іс-шараларда әуесқой балық аулаушыларға 117 хаттама толтырылды. Ал осы жыл басталғалы қаңтар айында 21 хаттама толтырылды. Әрбір балық аулаушыға, мысалы, балық аулау ережесін бұзған болса, 10 айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынады. Балықшылар көбінесе күл-қоқыс тастап кетеді өзінен кейін. Ол үшін де айыппұл қарастырылған.

Мадияр Сейітнұров, ТЖД басқарма инженері:

- Мұзға шыққан кезде қауіпсіздік жилеттерін міндетті түрде кию қажет. Сондықтан бірінші кезекте мұздың қалыңдығын тексеріп, егерде қалыңдығы 8 - 10 сантиметрден асқан жағдайда жаяу түрде шығуға рұқсат берілген және де кешкі уақытта, түнде балық аулауға тыйым салынады. Сол үшін алдын ала дайындалып, бәрін қарастыруыңызды сұраймыз.

Қапшағай су қоймасында биыл мұз жарылып, үш әуесқой балықшы суға кетті. Екеуі өз бетімен шықса, бір балықшыны төтеншеліктер құтқарды.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов