Өскеменде иесіз иттер көбейді

Өскеменде иесіз жүрген ит көп. Бұл тұрғындарды алаңдатып отыр.

Өйткені кейінгі уақытта көшеге шығу қауіпті бола бастаған. Қала халқы иесіз хайуандарға био-зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізу, ал ит иелерінің заң алдындағы жауапкершілігін күшейту қажет деп санайды. Тіпті бір топ тұрғын ұсыныстарын жинақтап, «тәуелсіз бірлестік» құруды жоспарлап отыр. Ал жауапты мамандар,. қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. 

Өскеменде бұралқы ит қаптап кетті. Олардың адамды қуып, тықсырып жатқан сәттері әлеуметтік желіге жиі жүктеліп жатыр. Қазір жалғыз жүруге қорқатын күйге жеттік деген тұрғындар, әсіресе балалар үшін алаңдаулы. Мәселен, Защита ықшам ауданындағы №22 мектептің маңайы. Бұл өріп жүрген иттің жартысы ғана, - дейді жергілікті жұрт.

Лариса Лисовская, қала тұрғыны:

- Бұл расымен де қорқынышты жағдай. Өткен жылы осы жақта 8 баланы ит қауып алды. Барлық оқиғаны тіркеп, дәйектермен бірге қала әкімдігіне жолдадық. Әрбір иттің осындай құжаты болуы қажет. Онда иесінің аты жөні,ит туралы мәлімет толық жазылуы керек. Арнайы чип салынған қаңғыбас иттердің де құжаты болуы тиіс деп санаймын.

Мамандар қаңғырған иттерді аулап ұстау, биозарарсыздандыру жұмыстары заң талаптарына сай жүргізіліп жатқанын айтады. Дегенмен соған қарамастан, олардың көбейіп кеткенін жасырмайды. Жыл басталмай жатып қалалықтардан 20 шағым түскен. Заңдағы соңғы өзгеріс бойынша, бұралқының бәрін атуға болмайды.

Ерлік Ордабаев, ШҚО Ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- «Бешенствомен» ауырған кезде, содан соң туа бітті ауырған кезде, үшінші ит адамға қауіп төндірген кезде жойылуға жатады. Әр адам жауапты болуы керек. Иттерін байлауда ұстау керек, еркіндікке қоя бермеу қажет. Учаскелік полиция қызметкерлері ЦТУ қызметкерлері аралап ескертсе, ол тоқтайтын еді.

Былтыр иесіз жүрген 2900 ит арнайы орынға өткізіліп, 600-ден астамы биостерильденді. Жалпы қалада көшеде жүрген иттерді жинап, қамқорлығына алатын 9 ұйым бар.

Өскемендегі бұралқы иттерді қамайтын орындардың бірі осы. Мұнда 500 ит бар. Оларды асырау да оңайға соқпайды, дейді мұндағы мамандар. Тек қана тамағы мен ем-домы үшін айына екі миллион теңгеден аса қаражат жұмсалады.Осыншама иттің бәріне Людмила Зеленина жалғыз өзі қарап келеді. Арасында демеушілердің көмегіне де сүйенеді. Зейнеткерді бұл іске үлкен жауапкершілік пен жанашырлық итермелепті.

Людмила Зеленина, қоғам белсендісі:

- Бұл иттер аспаннан түскен жоқ қой. Адамдар асырауын асырап, әрі қарай шыдамай керексіз зат сияқты лақтырып тастайды. Сондықтан барынша көмек көрсетуге тырысамын. Био-зарарсыздандыру жұмыстарын да атқарамын. Онсыз болмайды. Бұл шара жаппай жүргізілу керек.

Жаппай зарарсыздандырумен қатар ит асыраған әр адамның жауапкершілігін де күшейту керек дейді, қала тұрғыны Сәуле Рүстемова. Сондықтан ол заң талаптарын әлі де жетілдіру қажет дейді.Сол үшін арнайы бірлестік құрып, барлық тарапты кеңесе жұмыс істеуге шақырады.

Сәуле Рүстемова, қала тұрғыны:

- Адамдарды бұралқы иттерден қорғау мәселесіне мән беретін қоғамдық бірлестік құрмақшымыз. Өйткені қаланың қай бөлігінде болмасын ит өріп жүр. Біз оларды атып тастасын деп отырған жоқпыз. Бірақ ит ұстаған әр азамат заң алдындағы жауапкершілігін сезіну керек. Иттерді биозарарсыздандыру жұмысы қадағалану қажет. Өйткені екпе егіліп, чип салынған иттер күшіктеп жатыр, оны қалай түсінуге болады.

Белсенділер бірлестік жұмысына депутаттар мен жануарларды қорғау ұйымының өкілдерін де жұмылдырмақ. Олар қаңғыбас иттер санын азайту мәселесі кешенді әрі ізгі жолмен шешілу керек деп санайды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин