БҚО-да мүгедектер таксиіне сұраныс артуда

Батыс Қазақстан облысында мүгедектігі бар жандарға арналған такси қызметіне сұраныс артуда.

Егер былтыр инватакси жәрдеміне 700-дей жан жүгінсе, биыл 1326 адам арнайы көлікке аяқ артқан. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 500 млн теңге қаралыпты. Мүгедек жандарды тасымалдау қызметі Бөкей Ордасынан басқа аудандардың бәрінде ұйымдастырылған. Мамандардың мәліметінше, өңірде 26 мың мүгедек бар, оның 3 мыңы балалар. Инватакси қызметін жеке көмекшісі бар арбаға таңылған жандар мен психо-неврологиялық ауруға шалдыққан науқастар қолдана алады. Орал қаласында күн сайын 90 көлік мүгедектерді тасымалдайды. Қызмет көрсетушілер әзірге мемлекеттік сатып алу байқауы арқылы анықталуда, бірақ келешекте тасымалдаушылар әлеуметтік қызмет порталы арқылы нақтыланбақ.

Миргүл Құрманбаева, БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және ӘБ басқармасының бөлім басшысы:

- Көлік министрінің № 20859 бұйрығы бар. Сол бұйрыққа сәйкес, енді әлеуметтік қызмет порталы арқылы инватакси жоспарлануда. Бұл жерде Алматы, Астана қаласындағыдай яндекс агрегаторы деп айтады ғой, сол арқылы қөрсетілуге де болады. Бірақ ол болашақта. Аудандарда бұл мәселе өте қиын болады. Себебі интернет мәселесін дұрыстауымыз керек. Себебі бұл интернет арқылы жұмыс жасайды. Сондықтан аудандарда әзірге әлеуметтік мемлекеттік тапсырыс шеңберінде өткізілетін болады.