Инватакси қызметі қолжетімді бола түсті

Елімізде инватакси қызметін цифрландыру бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылуда.

Соның нәтижесінде бұл салада айтарлықтай ілгерілеу байқалады. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Астана мен Алматы қалаларында инватакси қызметі 489 мың рет көрсетілсе, 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 207,2 мыңды құраған. Бұл дерек қызметтің қолжетімділігі мен оған деген сұраныстың артқанын айқын аңғартады. Бұрын инватакси қызметін пайдалану барысында бірқатар бюрократиялық кедергілер мен техникалық қиындықтар орын алып келгені белгілі. Азаматтар сапарды бір күн бұрын телефон арқылы жоспарлауға мәжбүр болатын. Ал қазіргі пилоттық жоба осы олқылықтардың орнын толтырып, қызмет көрсету үдерісін едәуір жеңілдетті. Бастама аясында сапар құнынан ешқандай комиссиялық алым алынбайды. Министрліктің мәліметінше, бұл тәжірибе алдағы уақытта еліміздің барлық өңірлеріне кезең-кезеңімен енгізіледі.