Жаңа Конституцияның жобасы жарияланды
Құжаттың мазмұны мен мәтіні түзетіліп, 77 бапқа өзгеріс енді. Ата Заң 84 пайызға жаңарды.
Жаңартылған нұсқадағы негізгі заң кіріспеден және 11 бөлім, 95 баптан тұрады. Тілі түсінікті, ұсыныстар ұғынықты. Сарапшылар осылай дейді.
Осыдан он күн бұрын елде Контитуциялық комиссия құрылып, оның құрамына 130 адам кірді. Содан бері жұмыс тобы бап біткенді бағамдап, тармақтарға түзетулер енгізді. Нәтижесінде Ата Заңның 84 пайызына өзгерістер енді. Құжатта кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құру көзделіп отыр. Оның құрамына 145 депутат кіреді. Ал депутаттардың өкілеттік мерзімі бес жыл болып бекітілді.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
- Бұл реформаны жарты жылдай бойы талқылап келе жатырмыз. Мысалы, Президенттің жаңа жолдауынан кейін бірден Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Соған барша парламенттік партиялар, сарапшылар, азаматтық қоғамның өкілдері кіріп, осы рейформаны жан-жақтан талқыладық. Сол кезде мысалы, парламенттік реформа бойынша қоғамнан егов арқылы, басқа да түрлі-түрлі арналар арқылы азаматтардың пікірі жиналған болатын. Сол кезде 600 астам парламенттік реформа бойынша ұсыныстар келіп түсті.
Жаңа жобада жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесін құру да көрініс тапты. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Тағы бір жаңашылдық Вице-президент институтына қатысты. Ұсынысқа сәйкес ол Президент атынан Қазақстан мен шетелдердік қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.
Азат Перуашев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
- Бұл жұмыс негізінде осы күндері емес, 2022 жылдан бері басталды деп айтуға толық құқығымыз бар. 2022 жылы Президент Тоқаев бастаған Конституциялық реформада кейбір ол кезде салған Контитуциялық мәтініне салынған мүмкіндіктер енді өз күшіне кірісіп жатыр деп айтуға болады.
Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі – Қазақстан халқы. Ата Заңның тұжырымдамалық өзгерістерінде осылай жазылды. Сондай-ақ Жаңа Преамбулада адам құқықтары мен бостандықтары алғаш рет мемлекеттің негізгі басымдығы ретінде бекітілді.
Марат Башимов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
- Адвокатура институты 30 жыл бойы Конституцияда болмаған. Қазір бұл институт конституциялық мәртебеге көтерілді. Осы арқылы азаматтардың құқықтарын қорғау айтарлықтай күшейеді. Жалпы айтқанда бүкіл Конституция мәтінінен адам құқықтарын қорғау бағыты айқын байқалады. Егер 2022 жылғы Конституцияда да Конституциялық сот пен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл сияқты институттар құрылса, қазір адам құқықтарын қорғаудың соттан тыс тетіктері одан әрі нығайтылып отыр.
Ең бастысы халық қалауы да қалыс қалып жатқан жоқ. Ел болып e-Otinish және eGov порталдары арқылы өзгертулерге үн қоса аласыз. Түптеп келгенде түзетулерді қазақстандықтар қабылдайды. Халық қаласа, хан түйесін сояды дегендей, жаңа құжат мұқым елдің мақұлдауынан кейін ғана күшіне енеді.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Әлішер Әшімов