Ең суық өлкеде қазақтың көк туы желбіреді
Қаңтар мен ақпанның сарышұнақ аязында жұрт жылы жаққа қашып, бой жылытып жүрсе, маңғыстаулық саяхатшы жер жүзіндегі ең суық өлке «Итжеккенге» барды.
Өткенде ғана бұл жақта 60 градус суық болып, әлем қайран қалған еді. Ал жерлесіміз Берік Есенғалиев қақаған қыс, үскірік аязда көк туымызды планетаның адамдар қыстап жатқан, осы бір ең суық жеріндегі биік шыңға алып шықты.
Оймяконда ит жеккен шанамен ызғытып жүрген маңғыстаулық саяхатшы – Берік Есенғалиев. Қақаған аязда жай жүрген жоқ. Қазақтың көк туын желбіретіп, ойға да қырға да түсіп жүр. Оймякон – былайғы жұрт Якутия деп жүрген Саха жұртының Оймякон ұлысына қарасты азғантай тұрғыны бар жер шарындағы ең суық ауыл.
Берік Есенғалиев – бұл өлкеге аяқ басқан алғашқы қазақ. Одан бұрында заман ағымымен бәлкім біреулер барған шығар. Бірақ бұл жақтағы жұрттың есінде жоқ. «Берік – біз көрген алғашқы қазақ», - дейді. Сол себепті жерглікті наным сенім бойынша «Суықтың шырақшысы» арнаулы сертификатын да табыстады.
Маңғыстаулық саяхатшы Саха еліне 21 қаңтардың аяқ басқан. Содан бері көлікпен, айыршанамен біраз жерді кезген. Көлік бара алмаған жерге аязды күндері жаяулап-жалпылап жеткен. Мақсаты – жер шарының ең суық жеріне қазақтың көк туын ұстап шығу болатын. Алайда оңай болмағанға ұқсайды. Шыңға өзі шыққанмен, видео-аудио құралдары қатып қалып, екінші мәрте қайта келген.
Берік Есенғалиев, саяхатшы:
- Мен мен келгендегі ең суық температура 47 градусқа дейін түсті. Қазақстанның туын ең үлкен шыңына көтердім. 2800 метр тауға шықтым сол үшін. Сонымен қатар суықтың кесірінен дронмен кадрлар алынбай қалды. Барлық техника аяздың салдарынан жұмыс істемей қалды. Қолымнан келгенше қазақтың туын әртүрлі ракурстан, әдемі жерлерден көрсетіп жүрмін.Қазақстан алға!
Маңғыстаулық саяхатшының адам аяғы бара бермейтін Саха өлкесіндегі сапары әлі де жалғасып жатыр. Сол себепті көк туымыз әлі біраз аймақты шарлайтын түрі бар.
Авторлары: Арман Әмен, Шернияз Жалғабекұлы