Қазақстан цифрланған үздік он елдің тізіміне кіреді

Қазақстан электронды үкіметі дамыған 193 елдің ішінде 24-ші орында тұр. Ал онлайн-қызметтер көрсеткіші бойынша әлемдегі үздік 10 мемлекеттің тізіміне кіреді. 

Президент пәрменімен цифрлық жүйеге көшу жұмыстарының нәтижесін Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі жариялады. Ведомствоның дерегінше қазіргі таңда Қазақстандағы мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамына онлайн форматта қол жеткізуге болады. Мәселен, былтыр ел азаматтарына цифрлы жүйе арқылы 51 млн-нан  астам қызмет көрсетілген. Ал егов мобильді қосымшасын қолданатын тұрғындар саны 15 млн-ға жетіпті. Ондағы ең танымал қызметтер қатарына несиеден ерікті түрде бас тарту, соттылығының бар-жоғы туралы анықтама, сондай-ақ заңды тұлғалардың тіркелуі жөніндегі анықтама кіреді.