Жамбыл облысында 107 көлік қар құрсауынан құтқарылды

Жамбыл облысында қыс басталғалы 107 көлік қар құрсауынан шығарылды. Олардың бәрі қарлы боран, тұман кезінде республикалық маңызы бар тасжолдардағы қауіпті учаскелерде қалып қойған.

«Көлік қозғалысына шектеу қойылса да, жолға шығып кететіндер бар», - дейді Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері. Сондықтан құтқарушылар полицейлермен бірігіп жауапсыз жүргізушілерге айыппұл салып жатыр.

Жамбыл облысында 9 қауіпті жол учаскесі бар. Қар қалың түсіп, тұман үдесе ескі және жаңа Қордай асуы, Күйік пен Шақпақ және Хантау асулары аса қауіпті аймаққа айналады. Мұндай жағдайда көлік ағынына шектеу қойылып, жол қозғалысы тоқтайды. Дегенмен ескертуді елемейтіндер де бар. Мәселен, желтоқсан айында Қордайдан шыққан 6 көлік қалың қарда қалып, құтқарушылар 15 адамды құтқарды. Арасында 1 айлық сәби де болған.

Бекзат Қамбаров, облыстық ТЖ департаменті бастығының орынбасары:

- Облыс аумағында 160 шақырымнан аса қарлы учаскелер бар. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қысқы кезеңде 12 рет шектеулер мен 19 рет жол жабылу оқиғалары орын алды. Жол жабық жерлерден 24 адам эвокуацияланып, 23 адам құтқарылды.

Ал тәртіп сақшылары ескертуді елемеген жүргізушілерге 700 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Жол тазалығына жауапты «ҚазАвтоЖол» мекемесінің мамандары, жолда қалған көліктер қар тазалау жұмыстарына едәуір кедергі келтіретінін айтып отыр.

Ғани Тәжітай, «Қажсервис» ЖШС Жамбыл облыстық филиалының бас инженері:

- Көптеген жол көлік құралдары жабық учаскеде қалып кетеді. Ол бізге уақытылы жол ашу, тазарту жұмыстарына көп кедергі келтіреді. Себебі қазіргі заңнамаға сәйкес, көлік құралдарына біз ешқандай шығару жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Жабық учаскелерде қалған көлік құралдарын тек көліктің иесі ғана алып кете алады.

Қазір қар тазалау және көктайғақтың алдын алу жұмыстарына 90-нан аса арнайы техника мен 150 қызметкер жұмылдырылған. 36 мың шаршы метр құм, 11 мың тонна тұз және 140 тонна химиялық реагент дайындалып, тас жолдарға кезең-кезеңімен себілуде.

Данияр Ағабек, жүргізуші:

- Бұл көліктің ерекшелігі бұл 10 тонналық, 30-35 шақырымға жетеді. Қыстыгүні қар тазалап және құм себетін болса, жаздыкүні өзінің заттарын алып, арнайы өзінің щеткасы бар жол сыпыратын, сомен жұмыс жасаймыз.

Қысқы маусымда жолда қалған азаматтарға жедел көмек көрсету үшін облыста 92 жылыту пункті бар. Ал төтенше жағдай бала қалса 1524 адам мен 442 техника, оның ішінде 71 жоғары өтімді арнайы техника жедел көмек көрсетуге дайын.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә