Көлік жүргізушілеріне талап қатаңдайды
Енді жол ережесін бұзып айыппұл арқалаған әлеумет оны уақытылы төлемесе, жағдайы тіптен қиындай түсуі мүмкін. Атап айтсақ, мұндай азаматтарға кей мемлекеттік қызметтер көрсетілмейді.
Бұл норма Мәжілістегі заң жобасы аясында ұсынылды.
Тәртіпке бағынған құл болмайды. Айыппұл төлемеудің өзі заң бұзу екенін ескерсек, сіз айтқан норма енгізілсе, кейбір көлік жүргізушілерінің күйі күйінішті болары хақ.
Елде жол ережесін бұзып айыппұл арқалаған азамат оны уақтылы төлемесе, кей мемлекеттік қызмет көрсетілмейді. Атап айтсақ, көлікті алғашқы тіркеуге қоя алмайсыз, көлікті сату кезінде есептен шығара алмайсыз,тіпті жүргізуші куәлігін де ала алмайсыз, сондай-ақ басқа да мемлекеттік қызметтерден қалыс қаласыз. Қазіргі таңда электронды үкімет порталында мұндай қызметтердің саны 15-ке жетті. Демек осыншасы уақытша қолжетімсіз болады. Аталған норма Мәжіліске ұсынылған заң жобасы аясында қарастырылып жатыр.
Көлікті тіркеуге қою
Көлікті есептен шығару қолжетімсіз болады
Жүргізуші куәлігін алу
eGov порталында мұндай қызметтердің саны - 15
Ал ол не үшін керек? Иә, жауаптылардың айтуынша, бұл жерде мақсат - біреу. Жүргізушілердің жауапкершілігін барынша күшейту.
Заң жобасындағы түсіндірмеде: «Аталған түзетулер құқықбұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын іске асыруға бағытталған», - деп тайға таңба басқандай жазылған.
Ал сонда бұрын қалай болған деген сауал қылаң береді. Бұған қатысты мамандар айыппұл төлемегендерге шектеулер бұрыннан барын айтады. Алайда ішінара. Кейбірі кейін жойылған. Мысалы, 2019 жылға дейін көлікті қайта тіркеу үшін уақтылы техникалық тексеруден өтуі мен төленбеген айыппұлдардың болмауы сұралатын. Алайда 2019 жылғы 19 сәуірдегі заңмен бұл талаптар алынып тасталған. Сондай-ақ айыппұлдардың төленбеуі заң жүзінде көлікті есептен шығаруға кедергі болмаған. Бір сөзбен: талап еткенмен, заңды күші болмаған.
Енді жаңа норма енгізілсе, не өзгереді? Бұдан былай, айыппұл салу туралы қаулымен қатар, айыппұл төлеу туралы нұсқама бірдей негізге алынады. Яғни екеуі орындалмаған жағдайда мемлекеттік қызметтер көрсетілмейді. Аталған құжат Мәжіліске енді ғана жетті. Әлі біраз пысықталары анық. Десе де жол ережесін бұзып, ол үшін жауапкершілік алмағандар айылын жияр кез келген сыңайлы.
Осы тұста сөзімізге тұздық болсын: мына ақпаратқа зер салыңыз: Айлық есептік көрсеткіштің өсуіне байланысты биыл жол ережесіне қатысты айыппұл көлемі едәуір артты. Айталық: жылдамдықты сағатына 40 шақырымға дейін асырған жағдайда 86 мың 500 теңге төлеу міндеттеледі. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл сомасы 129 мың 750 теңге болады.
Ал жүргізуші куәлігі болмай, көлік жүргізсе, 86 мың 500 теңге, көлік құралын басқару құқығынан айтырылғандар көлік тізгіндесе, 216 мың 250 теңге көлемінде айыппұл арқалайды немесе 20 тәулікке темір торға қамалады.
Жылдамдықты 10-20 км/сағ асырса, 5 АЕК – 21 625 теңге;
Жылдамдықты 20-40 км/сағ асырғаны үшін 10 АЕК – 43 250 теңге төлейді;
Жылдамдықты 40 км/сағ асырғанда, 20 АЕК – 86 500 теңге;
Бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК немесе 129 750 теңге айыппұл.
Жүргізуші куәлігі болмай, көлік жүргізсе – 20 АЕК немесе 86 500 теңге айыппұл;
Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, 50 АЕК немесе 216 250 теңге айыппұл.
Авторы: Назерке Тоқжан