Атырау облысында газ турбиналы станцияның құрылысы басталды
Атырау облысында жылдық қуаты 280 мегаваттық жаңа газ турбиналы станцияның құрылысы басталды.
Мұнайлы өңір жылына 1 млрд 146,1 млн кВт электр энергиясын тұтынады. Атырау Жылу қуат орталығы қажетті энергияның 80 пайызын беріп отыр. Қалғаны Ресейден және Маңғыстау облысынан тасымалданады. Өндірісі өркендеп келе жатқан өңірде жыл сайын электр энергиясына деген сұраныс артып келеді. Осыған орай жергілікті билік жаңа баламалы қуат көздерін де қарастырып жатыр. Былтыр Атырау облысының өнеркәсіп саласына 1,8 трлн теңге инвестиция тартылып, 8 инвестжоба қолға алынған еді. Оның ішінде қуаты 280 мегаваттық 2 газ турбиналық стансаның жобасы бар.
Данияр Орынбасаров, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы:
- Наурыз айында толық құрылыс жұмыстары басталатын болады. Жобаның қуаттылығы 280 мегаватты құрайды. Инвестициялық жобаның құны 150 млрд теңгені құрайды. Жобаның құрылыс сатысында 150 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жоба іске қосылғаннан кейін 40 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарлануда.