Атырау облысында полиэтилен зауыты салынып жатыр
Қазір құрылыс қарқынды жүріп, жұмыстың 42 пайыздан астамы орындалды.
Жоба жүзеге асып, зауыт іске қосылғанда жылына 1 млн 250 мың тонна полиэтилен өндіріледі. Бұл Өзбекстан, Түрікменстан мен Әзербайжандағы өндірістерді қоса алғандағы қуаттылықтан жоғары. Бүгінде құрылыс алаңында биіктігі 100 метрден асатын фракционатор бағандары орнатылды. Бұл Силлено жобасы үшін маңызды кезең болмақ.
Қазақстандық «АтырауНефтеМаш» кәсіпорыны жасап шығарған жабдықты монтаждау үшін құрылыс алаңында 4 мың тоннаға дейін жүк көтеретін шынжыр табанды кран құрастырылды. Қазір пиролиз қондырғысында металл конструкциялар мен технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары жүріп жатыр. Мұндағы жаңа технология Қазақстанда алғаш рет қолданылуда.
Мұхтар Авутбаев, «Силлено» ЖШС бас директоры:
- Зауытта Теңіз кен орнынан келетін этанды пиролиз пештерінде өңдеп, этилен аламыз. Бұл үшін Lummus технологиясы Қазақстанда алғаш рет қолданылмақ. Пештерді жобалау, салу және монтаждау жұмыстарына қазақстандық инженерлер мен құрылыс мекемелері де қатысуда. Осы жобада жинаған тәжірибесін отандық мамандар алдағы уақытта да пайдалана алады.
Кәсіпорында полиэтиленнің 15-тен 24-ке дейінгі маркасын шығару жоспарланған. Одан су құбырлары, қаптама материалдары мен медициналық бұйымдар өндіріледі. Құрылыс алаңында 5 мың 200-ден астам адам мен 700-ге жуық техника жұмыс істеп жатыр. Жобаға 40-қа жуық отандық компания тартылған. Олармен жасалған келісімшарттардың құны 1,2 миллиард доллардан асады. Сонымен қатар болашақ зауыт мамандарын даярлау жұмыстары да қатар жүріп жатыр.
Дастан Құлпайстанов, «Силлено» ЖШС полимерлеу жобасының жетекшісі:
- Бірлесе оқу бағдарламаларын ұйымдастырды. Қазіргі таңда 50-ден аса адам практикадан өтіп, оның ішінде 80 пайыздан жоғарысы осы жобадан жұмыс орнын тапты. Барлық студенттер шетелде, Испанияда, Италияда, біздің мердігерлердің бас офисінде сол бағдарламадан өтуде.
2028 жылы негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, 2029 жылы зауытты пайдалануға беру жоспарланған. Кәсіпорын іске қосылғанда мыңнан астам тұрақты жұмыс орыны ашылады.
Авторлары Асланбек Шығыр, Амантай Матенов