Пәкістанда Қазақстанның ғылыми орталықтары ашылды
Қазақстанның жұмсақ күші Пәкістанға қанат жаюда. Мемлекет басшысының Исламабадқа сапары қарсаңында Пәкістанның жетекші университеттерінің негізінде еліміздегі іргелі оқу орындарының орталықтары ашылды.
Енді пәкістандық жастар өз елінде Сәтпаев, Әл-Фараби және Яссауи ілімдерімен таныса алады. Бұдан бөлек, қазақ күресі, тоғызқұмалақ пен өзге де спорт түрлеріне машықтанады.
Пәкістан елінің Қазақстанмен жоғарғы білім беру бағытында ықпалдастықты тереңдетуге деген талпынысы түсінікті. Бұл елде 25 жасқа дейінгі азаматтар саны 94 млн-ды құрайды. Барлығына бірдей университет жетпейді.
Ал Қазақстанда құрылып жатқан академиялық хаб шеңберінде шетелдің 40-қа жуық жоғарғы оқу орнында білім алу мүмкіндігі қызығушылық туғызды.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қазіргі таңда Европа елдеріне, АҚШ-қа, Канадаға, Ұлыбританияға бара алмайды. Виза тұрғысынан. Миграция. Көші-қон саясаттары қазіргі таңда шектеулі. Қазақстанға 40-қа жуық мықты шетелдік университеттердің филиалдары келді. Соған үлкен қызығушылық бар.
Қазіргі Пәкістан мемлекетінің негізін қалаған Мұхаммад Әли Джиннаның құрметіне 60 жылдай бұрын құрылған Каид-және-Азам университеті Оңтүстік Азия аймағындағы жаратылыстану және әлеуметтік бағыттағы ғылыми зерттеулерімен кеңінен танылған университет. Енді аталған оқу орнында Әл-Фараби орталығы жұмысын бастайды.
Жансейіт Түймебаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:
– Бұл біріншіден, Фараби ілімін танытуға арналады. Екіншіден, университетімізді тануға, үшіншіден, Қазақстанды осы Пәкістанда танытуға арналған орталық болады. Бұл жерде Фараби туралы, біздің елімздегі білім ғылым, мәдениет жайлы ақпараттардың барлығын береміз.
Исламабадтағы халықаралық ислам университетінде басқа мемлекеттердің де жастары білім алады. Аталған білім ордасында Қожа Ахмет Яссауи орталығы ашылды. Енді Пәкістан жастарына Түркі әлемімен терең танысуға мүмкіндік бар.
Жанар Темірбекова, Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры:
– Олардың бастамасымен құрылып жатыр. Себебі біздің еліміздің ғалымдары осында келіп өздерінің ғылыми зерттеулерін жүргізетін болады. Бұл жақтың, сол университеттің басқа да ғалымдары орталық арқылы Ахмет Яссауи бабамыздың рухани мирасын түсініп, оны Ұрду, ағылшын тіліне ары қарай аударып, осы жақта оның популиризациясы үшін де маңызды бір қадам деп түсінеміз.
Берік Дүйсенбай, тілші:
- Мәдени гуманитарлық байланыстарды бекемдеудің бір парасы спорттық дипломатия десек, бүгін Исламабдта қазақстанның қолдауымен достық спорт орталығы ашылып жатыр. Енді мұнда Пәкістанның жастары қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бокс т.б спорт түрлері бойынша қазақтың бапкерлерінен тәлім алатын болады.
Бауыржан Рапиков, ҚР Спорт және туризм вице-министрі:
– Спорт федерацияларымен бірігіп істеліп жатқан жұмыс аясында біз өз тарапымыздан материалдық-техникалық база, шахмат жиынтықтары, тоғызқұмалақ жиынтықтарын, сонымен бірге өзіміздің әдістемелер мен методикаларды, бапкерлерді, спротшыларды алып келіп осындай қарым қатынаста жұмыс жасап жатырмыз.
Мейіржан Берекет, Қазақ күресі қауымдастығының бас директоры:
– Пәкістанда қазақ күресі федерациясының құрылуы – біз үшін тарихи сәт. Осы Пәкістан елінің спортшылары алдағы уақытта үлкен ареналарда өнер көрсететіне біз сенеміз.
Достық спорт орталығының ашылу салтанатына екі елдің салалық лауазым иелерінен бөлек Пәкістан боксының аңызы, кәсіпқой ринг жұлдыз Әмір Хан да қатысты. Бұл - пәкістандық жас өрендер үшін тарихи оқиға. Енді қазақ елінің көмегімен Исламабадта тұрақты түрде жұмыс істейтін орталық мыңдаған Пәкістан баласын спортпен қайта қауыштырмақ.
Авторлары: Берік Дүйсенбай, Айдос Меделбеков, Бахытбек Нұртаев