Лудомандар жасырын емделуді қалайды

Қаржы министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда  700 мыңға жуық азамат букмекерлік кеңселер арқылы тұрақты түрде бәс тігеді. 

Олардың арасында құмар ойынға тәуелді болып кеткен лудомандар да бар. Ойынқұмарлық – жай әуестік емес, ол адам психикасы мен ағзасына тікелей әсер ететін қауіпті дерт. Ауыр жағдайда оларды емдеу мекемелеріне жатқызып, дәрі-дәрмекпен қатар психотерапиялық қолдау көрсетіледі.

Мамандар ойынқұмарлықты жәй әдет емес, ауыр тәуелділік деп есептейді. Миға эндорфин бөлініп, сол көңіл күйді қайта-қайта сезінуге деген құмарлық пайда болады. Бәс тігіп байимын дегендер ес жиғанша миллиондар желге ұшып, отбасының шырқы бұзылады. Маңдайы тасқа тиіп, тәубесіне келгендері мамандарға жүгіне бастайды. Оның өзінде жасырын емделуді қалайды. 

Сапар Рахменшеев, қалалық психикалық сауықтыру орталығының директоры:

- Сенім телефонда олар көбінесе өздерінің аты-жөнін айтқысы келмей, анонимді түрде өткілері келеді. Енді қазіргі уақытта осы смартфондағы казино ойындарына тәуелділіктері болады. Салыстырып қарасақ, есірткіге тәуелділікпен екеуі ұқсайды.

Мамандар айтып отырған тәуелділіктің нақты көрінісін өмірден алынған тағдырлар айқын көрсетеді. Алмат Қалдыбаев бұл тәуелділікпен небәрі он бес жасында бетпе-бет келген. Алдымен ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер, кейін казинодан қалай шыққанын білмей қалған. Әйтеуір оң жолға түсіп, қазір өзге адамдарға көмектесіп жүр. 

Алмат Қалдыбаев, реабилитациялық орталықтың жетекшісі:

– Бүкіл уақыт ішінде шамамен бір миллион долларға жуық ақша ұтылып, отбасымды жоғалтуға шақ қалдым. Ал реабилитациялық бағдарламаның арқасында бүгінгі таңда бес жыл бойы ойын ойнамадым. Тәуелділік соншалықты ауыр болды, үйдегі бар заттың барлығын сыртқа шығардым. Үйде тек кір жуғыш машина мен тоңазытқыш қана қалды. Ауыр болғандықтан оларды шығара алмадым. Қалғанының бәрін ломбардқа өткізіп жібердім.

Кезекті кейіпкеріміздің оқиғасы – ойынқұмарлықтың адамды қалай іштен күйрететінінің бір мысалы. Ол жылдар бойы түрлі тәуелділіктермен күрескен. Өмірін ретке келтіріп, табысқа жеткен кезең де болған. Алайда бұрынғы бір жеңіліс туралы ой мазасын қашырып, есемді қайтарсам деген алдамшы үміт қайтадан букмекерлік кеңсеге әкелген. Амалы таусылған ол сауықтыру орталығына емделуге келіпті. 

Қаржы министрлігінің мәліметінше, букмекерлік ойындарға тәуелді азаматтардың саны азаймай отыр. Бір жылдан астам уақыт ішінде тігілген қаржы көлемі 1,6 триллион теңгеге жеткен. Оның төрттен бірі букмекерлік ұйымдардың үлесінде қалған. Мамандар бұл қоғам үшін елеулі қауіп деп бағалайды.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Кенже Амраев