Ұлттық қорды басқару саясаты өзгереді

Ұлттық қор Орталық Азия мен Кавказ елдерін қаржыландыруға жұмсалмақ. 

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Сенаттағы Қаржы және бюджет комитетінің мүшелерімен кездесуде мәлімдеді. Жоба бойынша 1 млрд долларды перспективалы жобаларға инвестициялау жоспарланған. Бұл аумақта қандай ірі бастамалар болуы мүмкін? Қаражат салынатын жобалардың ертеңі қандай? Үкімет табыс табудың орнына тақырға отырып қалмай ма? Осы тақырыпты қаржы саласына маманданған әріптесім зерттеген еді. Жалпы бұл қандай жоба? Кімдер дайындап жатыр?

Бұл - Ұлттық банк әзірлеп жатқан арнайы бағдарлама. Жаңа өзің айтып өткендей, 1 млрд АҚШ долларын перспективалы жобаларға инвестицияланады. Осылайша, Ұлттық қордың табысын арттырып, келешек қоржынының бүйірін толтыру көзделген. Бұл туралы Мемлекет басшысы былтырғы жолдауында да атап өткен болатын. 

Жалпы инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті. Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы, қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек. Бұл іске, қажеті болса, сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады. Экономикамыздың жоғары технологиялық салаларына бір миллиард долларға дейін инвестиция тарту туралы бағдарлама әзірлеу қажет. Оны Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп дайындауға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Енді бағдарлама туралы кеңірек тарқатып айтсам. Қаржыландыру Ұлттық қордың баламалы инвестициялық құралдар портфелі есебінен жүзеге асырылады. Инвестициялар жеке капиталға – 500 млн долларға дейін, инфрақұрылымға – 200–250 млн доллар, жеке қарызға – 200 млн долларға дейін және венчурлық капиталға – 50-100 млн доллар аралығында бағытталады.

Бағдарламаның операторы ретінде Ұлттық банктің еншілес ұйымы – Ұлттық инвестициялық корпорация белгіленді. Инвестициялар технологиялық секторды, логистика мен көлікті, денсаулық сақтау мен білім беруді, ауыл шаруашылығын, цифрлық инфрақұрылымды, бизнес-қызметтерді, қаржы секторын және өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға бағытталмақ.

Әлия Молдабекова ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары

- Біз жоғары технологиялы секторларға басымдық береміз. Кен және мұнай өндіру жобалары бағдарламаға кірмейді. Біздің ойымызша, экспортқа бағытталған, жаңа технологиялар мен экономиканы әртараптандыруға көмектесетін салаларды таңдаймыз.

Әлия Молдабекованың сөзінше, қаражаттың негізгі бөлігі – яғни, портфельдің 70 пайызына дейін – Қазақстан аумағындағы жобаларға жұмсалады. Қалған қаражат Орталық Азия мен Кавказ елдеріне инвестицияланады. Бұл халықаралық басқарушыларды тартуға мүмкіндік бермек. Ал шетелдік компаниялар инвестициялық жобаларды әділ бағалап, жан-жақты сараптама жасалуын қамтамасыз етеді деп түйіндеді ол сөзін. Сарапшылар бұл жоба инвестициялық стратегияларды сынап көру үшін жасалып жатқанын айтады. Яғни, болашақта табыс көлемі артса, осы бағытқа көбірек қаржы салынбақ.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Тесттік режим деп ойлаймын. Себебі Ұлттық қордың активтері 77 млрд-тан асады. Оның 1 млрдын криптовалютаға, басқа да альтернативті қаржы құралдарына салып көру бұл бағыттың болашағы қандай, тәуекелі қандай? Соны анықтап алу бойынша жасалатын іс деп ойлаймын. Ұлттық банктікі дұрыс. Байқап көру керек. Ол 1 млрд-ты жоғалтып алғанның өзінде ол Ұлттық қорға әсер етпейді.

Сонымен қатар қаржыгерлер ұлттық қор қаражаты үнемі айналымда болғаны дұрыс деген пікірде. «Себебі осылай ғана ондағы қаражатты еселеуге мүмкіндік бар», - дейді сарапшылар.

Арман Бейсембаев, қаржыгер:

- Ел ішіндегі жобаларға Ұлттық қордың қаражаты жұмсалып жатқаны дұрыс. Себебі ол болашаққа бағытталған. Бүгін инвестицияланса, ертең табыс түседі. Сондай-ақ келер ұрпаққа жақсы жобалар, сапалы инфрақұрылым қалдыруымыз керек. Тіпті 1 млрд аз деп ойлаймын. Одан көп қаражат жұмсалуға тиіс деп санаймын.

Серік. Соңғы жылдары Ұлттық банктің инвестиция саясаты өзгеріп, консервативтік жолдан агрессивті бағытқа қарай ауыса бастады. Соның нәтижесінде инвестициядан түскен табыс көлемі артып, қордың бүйірі толып келеді. Дегенмен  бағалы қағаздарды дұрыс таңдап, жаза баспау үшін нарықтағы өзгерісті қалты жібермей қадағалап отыру керек.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Инвестициялық саясатта біздің сыртқы консультанттарымыз бар. Олардың барлығы орта мерзімге болжамдарын ұсынады. Сонымен қатар соның арқасында банк ұлттық қорды басқарған кезде осы үлкен аналитикалық базаға иек артады. Сондықтан соңғы жаңарған инвестициялық саясат осы соңғы трендтердің, соңғы аналитиканың барлығын негізге ала отырып жасалған.

Осы мақсатта Мемлекет басшысының былтыр Вашингтонға жасаған сапарының қорытындысы бойынша бірнеше ірі компаниялармен стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылған еді. Бұл қатарда, Cerberus Capital Management , Brookfield Asset Management және Ashmore Investment Advisors Corporation сынды алпауыттар бар.