Жаңа Конституция жобасы талқыланды
Жаңа Конституция жобасында неке мен отбасы ең жоғары құндылықтар болып бекітіледі. Оған қоса мемлекет ресми тіркелген некені ғана мойындайды.
Ал жанұя ұғымы ер мен әйелдің өзара ерікті әрі тең құқылы одағы ретінде айқындалады. Бұл өзгерісті сарапшылар қолдап отыр. Еуразия ұлттық университетінде өткен жиында заңгерлер, құқықтанушылар және азаматтық сектор өкілдері жаңа Конституция жобасының негізгі қағидаларын талқылады. Қазақстан қоғамдық даму институтының дерегіне сүйенсек, ел азаматтарының шамамен 77 пайызы ұсынылып отырған бастамаларды қолдайды. Сарапшылар жаңа Ата Заң жобасы отбасы институтын нығайтуға және қоғамдық жауапкершілікті арттыруға бағытталғанын жеткізді. Сондай-ақ болашақ заңнамалық бастамаларға нақты бағдар беретініне сенімді. «Конституцияда бекітілетін бұл қағидалар қоғамдық институттардың жұмыс бағытын айқындап, заңды неке мен отбасы құндылықтарын дәріптеуге негіз болады», - дейді олар.
Жұлдызай Искакова, Қазақстан қоғамдық даму институты басқарма төрайымы:
- Конституцияда бір ғана сөйлем арқылы үш негізгі ұстаным нақты айқындалып отыр. Біріншіден, неке – ерікті одақ. Екіншіден, ер мен әйел тең құқылы екені айқындалды. Үшіншіден, тек мемлекеттік органдарда ресми тіркелген неке ғана заңды деп танылады. Бұл норма болашақта қабылданатын заңнамалық актілерге бағыт-бағдар беріп қана қоймай, қоғамдық институттардың қызметіне де ықпал етеді. Яғни қоғамның негізгі мақсаты заңды некені, отбасы құндылықтарын нығайту және оны кеңінен дәріптеу болуға тиіс.