Жас ғалымдарға грант көлемі артады
Өсер ел алдымен ғылымға көңіл бөлуге тиіс. Жас зерттеушілерге қомақты грант бар. Алдағы 3 жылға 97 грант бөлінген. Ғылым комитетінің мәліметіне қарағанда кейінгі екі жылда 800-ге тарта жоба жүзеге асып жатыр. Ендігі мәселе – жобаларды нақты өндіріске енгізу қажет. Қаржы да бөлінеді, деп хабарлайды 24KZ.
Президент бұл үдерісті жалпы ішкі өнімнің 1 пайызына жеткізуді тапсырған еді. Ал елдегі ғалымдардың жартысына жуығы жастар, яғни 15 мыңға тарта жас зерттеуші бар. Олар келесі жылы су ресурстары, сейсмикалық қауіпсіздік, стратегиялық минералдар, энергетикалық материалдар мен автомобиль жолдары технологиялары бойынша ірі ғылыми бағдарламаларға қатысады. Жалпы кейінгі 7 жылда ғылымға бөлінетін қаржы көлемі 3,2 есе өскен. Былтырғы қаржы көлемі – 261,5 млрд теңге.
Алмас Гаухар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:
– Қосымша қолдау тетіктеріне жас ғалымдардың ғылыми жетістіктерін ынталандыруға және мойындауға бағытталған мемлекеттік ғылыми стипендиялар мен сыйлықтар жатады. Осылайша, жас ғалымдарды қолдау аясында ғылыми жобаларды іске асырудан бастап, ғылыми жетістіктерін мойындауға және әлеуметтік мәселелерін шешуге дейінгі кешенді шаралар қарастырылған.