Алатау қаласын дамытуға 1,8 трлн теңге инвестиция салынады
Алатау қаласын дамытуға шамамен 1,8 трлн теңге инвестиция салу жоспарланып отыр.
Қаланың инвестициялық портфеліне өнеркәсіп, логистика, агроөнеркәсіптік кешен, қызмет көрсету және креативті индустрия салаларындағы ондаған жоба кіреді. Осы арқылы 30 мыңнан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев баяндады. Үкімет басшысы Олжас Бектеновтың төрағалығымен өткен кеңесте Алатау қаласын дамытуға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар талқыланды. Парламентте «Алатау қаласының арнайы мәртебесі туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. Инвесторлар үшін тартымды орта қалыптастыру көзделген. Басым бағыттар қатарында Iconic Complex көпфункционалды кешенін және жоғары білікті мамандар даярлайтын әрі озық технологияларды дамыту орталығы ретінде KAIST Kazakhstan технологиялық университетін салу жобалары бар.
Инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Алатауды дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі Болат Жәмішевтің айтуынша, инвестициялардың қауіпсіздігі ірі кәсіпорындар үшін жеке лицензиялармен қамтамасыз етіледі, ал қала төрт орталықтың: өнеркәсіптік, логистикалық, ғылыми-медициналық және туристік бағыт айналасында дамиды.
Болат Жәмішев, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі:
- Парламентте Алатау қаласының мәртебесі туралы Конституциялық заң жобасы талқыланып жатыр. Жеке инвестициялар есебінен күрделі инфрақұрылымды қоспағанда, қала тұтастай салынады деп болжануда. Сонымен қатар жаңа Конституция жобасында қала дамуының негізгі қағидаттары да қамтылды. Елімізде арнайы құқықтық режимдердің пайда болуы Қазақстанның ұзақмерзімді экономикалық мүдделеріне сай әрі инвестиция тартуға жаңа мүмкіндіктер ашады.
Гарри Уильям Доббс, «Harry Dobbs Design» LTD Басшысы, Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңестің мүшесі:
- Алатауда қаланы нөлден бастап, осы жаңа «ақылды» технологияларды енгізе отырып жобалаудың бірегей мүмкіндігі бар. Мұндай мүмкіндік жиі кездеспейді. Бұл Алатаудың дамуы барысында осы салада көшбасшы болуына, сондай-ақ мұндай технологияларды ең алғаш енгізгендердің бірі болуына жол ашады.