Ақтаулық оқушылар зымыран құрастырады

Ақтаулық оқушылар зымыран жасап жатыр. Балаларға бұл істі физика пәнінің мұғалімі үйреткен. Білікті ұстаз шәкірттеріне зымыранды формула түрінде ғана емес, кәдімгідей ұшырып көрсетеді.

Зымыран модельдеу үйірмесінің мектепте ашылғанына биыл үшінші жыл. Осы аралықта оқушылар оннан астам зымыран құрастырған. Шағын зымыран үлгілері картон қағаздан, ірілері пластиктен жасалады. Арнайы қоспа түрінде дайындалған тез тұтанғыш материал отын ретінде қолданылады. Кейбір зымыран 2000 метр биіктікке көтерілген.

Зымыран құрастыру ұшқыр оймен қатар, дәлдікті талап етеді. Бір тетігінде болмашы ғана ақау болса, зымыран ұшпайды. Сондықтан оқушылардың әрбір әрекетін ұстаз мұқият бақылайды.

Мектептің акт залы сырт көзге конструкторлық кеңсе тәрізді. Оқушылар өздері құрастырған зымыран үлгілерін ұзын жіпке байлап, шеңбер бойымен айналып жүр. Осылайша, әуесқой ұшу аппаратының аэродинамикалық қабілеті тексеріледі.

Шыңғыс Тян, оқушы:

- Келешекте физика саласында жаңалық ашуды армандаймын. Отандық аэроғарыш саласында инженер болғым келеді. Ұстазым физиканы тек тақтадағы формуламен шектеуге болмайтын қарапайым тілде түсіндіреді. Бізге оның әр сабағы қызық.

Еркін Мәкенов, физика пәнінің мұғалімі:

- Үйірмеге орта және жоғары сынып оқушылары қатысады. Кіші топ зымыран үлгісін қағазға арналған желім қолданып, картоннан жасайды. Ал ересек топ зымыранның электроника элементтерін дайындап, жылдамдық, биіктікті өлшейтін құрылғылар арқылы ұшу параметрлерін талдайды.

Болашақ инженерлер Алматыда өткен республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанған. Оқушылардың жобасын қазылар алқасы «Шығармашылық зерттеулер мен ғылыми эксперименттер» аталымы бойынша бағалаған. Дарынды жеткіншектер биыл Астанадағы халықаралық сайысқа қатысады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев