Мәдениет өкілдері Конституцияның жаңа жобасын талқылады

«Тарихи негіздер, мәдени құндылықтар және цифрлық даму». Конституцияның жаңа жобасында аталған бағыттар айқын басымдыққа ие.

Ата заңдағы өзгерістерді талқылау жиынына Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықовтан бөлек, мәдениет, өнер, архив және білім беру саласындағы мекемелердің басшылары мен мамандары қатысты. Олар азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және қоғамның рухани құндылықтарын нығайту мәселесін қамтыған Конституциядағы қағидаларға тоқталды. Жалпы басты құжатты жаңарту арқылы қоғамдық сананы қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті дамыту және ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты мәдениет пен гуманитарлық саланың рөлі артады. Жаңа редакцияда елдің одан әрі дамуы стратегиялық маңызға ие екені айтылды. Мәдени мұраны сақтау саласында заманауи технологияларды қолдануға жаңа мүмкіндіктер ашылған, - дейді жиналғандар.

Сағила Нұрланова, ҚР Ұлттық архивінің директоры:

- Барлық мекемеде ҚР Конституциясының жаңа жобасы талқыланып жатыр. Бұл кезекті құжат емес, бұл мемлекет пен адам арасындағы жаңа қоғамдық келісімнің негізі. Сол себепті біздің еліміз үшін аса маңызды кезең. Біз мәдениет саласының қызметкерлері ретінде Конституцияның 3-ші және 40-шы баптарында көрсетілген мәдени мұраны, тарихи ескерткіштерді сақтау. Сол себепті біз ойлаймыз алдағы уақытта осындай үлкен Конституцияда қойылған жаңа талаптарды жүзеге асырамыз деп ойлаймыз.

Ыбырайым Бабаев, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті басқармасының басшысы:

- Ұлттық цифрлық мұраны құру жағында бізге Конституцияның пайдасы мол. Өйткені осы күнге дейін жан-жақта шашылып жатқан тарихи мұралар, газет-журналдар, қолжазбалардың барлығын бір база етіп біріктіру. Конституция – біздің ең жоғарғы Ата заңымыз. Конституцияда көрсетілгеннен кейін ешқандай тосқауылсыз бәрі бір жүйеге келтіріледі. Бұл біз үшін әрине қуанышты жағдай.