Ақтөбеде конституциялық реформалар аясында мәслихат міндеттері талқыланды
Ақтөбеде жергілікті өкілді биліктің конституциялық реформалар аясындағы жаңа міндеттері талқыланды. Саясаттанушылар мен заңгерлер, қоғам белсенділері бас қосқан жиында мәслихаттардың өкілеттігін күшейту, жергілікті бюджетті бақылау және халық пен билік арасындағы байланысты нығайту мәселелері сөз болды, деп хабарлайды 24KZ.
Сондай-ақ сарапшылар өкілді органдардың алдағы даму бағыттарын саралап, пікір алмасты. Олардың айтуынша, соңғы 23 жылда алғаш рет мәслихат сайлауы парламенттік сайлаудан бөлек, дербес өтеді. Бұл аймақтық мәселелерге басымдық беріп, тұрғындардың өз өңіріне қатысты маңызды шешімдерге ықпал етуіне мол мүмкіндік береді.
Сайпулла Сапанов «Х. Табылдиев атындағы Каспий өңірінің тарихы, археологиясы және этнологиясы» ғылыми зерттеу институтының директоры:
– Атқарушы билік пен жергілікті өкілді билік арасындағы функционалдық байланыстың жеткіліксіздігі мәселесі бар. Жаңадан сайланатын депутаттар осы мәселені назарға алып, тиісті қорытынды шығарады деп ойлаймын. Өйткені біз аймақтың дамуына үлес қосып қана қоймай, оның бағдарламалық негізін әзірлеуге тікелей араласатын мәслихат депутаттарын күтеміз. Конституцияға сәйкес қазір мәслихаттардың өкілеттіктері мен құзыреті кеңейіп отыр.