Жаңа Конституция: мәтін мазмұны мен тіл тазалығы талқыланды

Жаңа Конституция жобасының түпнұсқасы қазақ тілінде жазылды. Ал Ата заңның орысша нұсқасы, мемлекеттік тілдегі құжаттың негізінде сәйкестендіріледі.

Жаңа мәтіндегі тіл тазалығы, әлі де жетілдіріліп жатыр. Мысалы, «болып табылады» деген калька аударма барлық жерден алынып тасталған. Енді Конституциялық комиссия мүшелері, көптік жалғаудың жиі қолданылғанына алаңдаушылық білдіріп, оны азайту керек деген бастама көтеріп отыр. 

Жаңа Ата заң жобасының сұлбасы дайын. Енді екі тілдегі нұсқаларды біріздендіріп, екіұшты мағынаға жол беретін нормаларды түзеу қалды. Конституциялық комиссияның бүгінгі отырысы 18 баптың екінші тармағына өзгеріс енгізу мәселесінен басталды. Жаңа құжат жобасының қазақша нұсқасында «Сот шешімінсіз адамды заңда көзделген мерзімнен артық ұстауға болмайды» деп көрсетілген. Осы ретте заңгерлер орысша аудармада «мерзімнен артық ұстау» деген ұғым жоқ екенін айтып, бұған алаңдаушылық білдірген.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары, Конституциялық комиссияның мүшесі:

- Кейбір мамандар сот шешімінсіз күдіктіні ұстауға мүлдем болмайды деп түсіну қауіпі бар екенін айтуда. Яғни қалыптасқан сот тергеу тәжірибесі қиындыққа тірелуі мүмкін деген пікірлер бар. Мәтін мазмұнына қарасақ, расында дәл солай. Конституция еліміздің басты құқықтық темірқазығы, оның әрбір нормасы анық және түсінікті болу қажет.

Қазіргі Ата заңда терминологиялық қателіктер көп. Мемлекеттің кеңесші Ерлан Қарин осылай деп, жаңа құжаттың түсінікті әрі анық жазылуына басымдық берілгенін жеткізді. Артық сөздер алынып, мәнсіз аудармалар түзетілді. Осылайша, Тәуелсіз Қазақстанның Ата заңы алғаш рет қазақ тілінде жазылып жатыр. Бұл жұмысқа тіл мамандары белсенді араласты. Нәтижесінде енді Конституцияның орысша нұсқасы, қазақ тілінің негізінде сәйкестендіріледі.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі, Конституциялық комиссия төрағасының орынбасары:

- 1995 жылы қабылданған Ата заңның 13 бабы, 1-тармағында былай деп жазылған: «Әркімнің құқық субьектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын қажетті қорғанысты қоса алғанда заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға қақылы». Мұндай түсініксіз сөйлемдерді, ұғынықсыз сөздерді көптеген баптар мен тармақтардан кездестіріп отырмыз. Сондықтан ескі Конституция мен жаңа Ата заңның арасындағы мазмұндық, ұстанымдық, мағыналық, жаңашылдық, тілдік, редакциялық тұрғыдан айырмашылық біршама.

Калька сөздер тіл жанашырларының жанайқайына айналғаны қашан. Кеңсе тілі де, заң тілі де тікелей аудармадан көз ашпайды. Соның салдарынан сөйлемнің мазмұны өзгеріп кетеді. Ал жаңа Конституцияда бұл кемшілік жойылды дейді комиссия мүшелері.

Мысалы, «болып табылады» деген сөлекет аударма барлық жерден алынды. «Жүзеге асырылады, қызметке тағайындайды» деген ұғымдар да тек керек жерінде орынды қолданылған.

Талғат Нәрікбаев, М.С.Нәрікбаев атындағы ҚАЗГЗУ университеті АҚ Басқарма төрағасы, Конституциялық комиссияның мүшесі:

- Қолданыстағы Конституцияда заңгерлер тарапынан жиі сынға алатын құқылы, қақылы, құқығы бар, құқығы жоқ, қақысы бар сияқты терминдер әртүрлі контексте қолданылып келген болатын. Жаңа мәтінде бұл терминдер мағынасы қарай жүйеленіп, біріздендірілген. Қазіргі таңда Конституцияның қазақ тіліндегі мәтінін оқығанда тілдің жеңілдеп, мағыналық тұрғыда азаматтарымызға анақұрлым түсінікті болғаны байқалады.

Бұдан бөлек қатысушылар Ұлттық валютаны Конституция деңгейінде бекіту мәселесін көтерді. Теңге тақырыбындағы түйіткілдер талқыланды.

Жаңа Конституция жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Ұсыныстар әлі көп. Осы ретте келесі отырыс халықтың пікірі мен бастамаларын тыңдауға арналатын болды.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық сотының төрағасы, Конституциялық комиссияның төрағасы:

- Келген ұсыныстардың бәрін жинап, жиынтық кестеге салып, осы ұсыныстар жобада қалай ескерілген немесе ескерілу процесінде соның бәрін көрсетсеңіз. Себебі біздің отырыстар тікелей трансляцияда өтіп жатыр. Сондықтан тек бізге ғана емес, азаматтарға да осы жұмыс бойынша анық және нақты ақпарат берілуі керек.

Отырыс барысында өзгерістерді талқылау жарты жылға созылғаны айтылды. Яғни, бұл жұмыстардың барлығы тиянақты, байсалды жүргізілген. Бірақ бұл түпкілікті шешім шықты дегенді білдірмейді. Комиссия бұқараның бастамаларына құлақ асуға дайын.

Авторы: Бекзат Аманов