Атырау облысында өндірістегі жазатайым оқиғаны жасырған мекемелер жазаланды

Атырау облысында шағын және орта кәсіппен айналысатын 17 мекеме өндірістегі жазатайым оқиғаларды жасырғаны үшін жауапқа тартылды.

Нәтижесінде оларға жалпы сомасы 3 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Өткен жылы өңірдегі өндіріс орындарында барлығы 54 жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 59 адам ауыр жарақат алып, 8 жұмысшы қаза тапты. Анықталған деректердің 36-сы еңбек қауіпсіздігін дұрыс ұйымдастырмау мен ішкі бақылаудың әлсіздігінен болған. Ал қалған жағдайлар зардап шеккен қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтамауынан туындаған. Аталған фактілер бойынша 48 қылмыстық іс аяқталып, тағы 6 іс бойынша тергеу амалдары әлі де жалғасуда. Оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында бүгінде облыстағы 226 өндірістік нысан аттестациядан өткен. Сонымен қатар, қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарты болмаған 33 мекемеге 12 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.

Ислам Егембердиев, облыстық еңбек инспекциясы департаментінің бөлім басшысы:

- 2025 жылы біздің өңірімізде 54 жазатайым оқиға орын алған. Осы жазатайым оқиға ең көп орын алатын, бізде өңіріміз мұнай өлкесі болғаннан кейін сол мұнай саласында орын алып жатады. Құрылыс саласы және де әр түрлі қызметтер көрсету саласында. Жалпы бізде үнемі разяснительный жұмыс жүргізіліп жатады жұмыс берушілер арасында.