Конституция келешекті айқындайды

Бүгін Батыс Қазақстандағы еңбек ұжымдарында Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия жариялаған құжатты талқылау басталды.

Ата заңның жаңа жобасымен танысқан жұртшылық Конституция елдің болашақ дамуын айқындайтын басты құжат екенін атап өтуде. Құжаттың кіріспесінде «Әділетті Қазақстан» ұғымы мен «Заң үстемдігі» қағидасының негізгі бағыт ретінде айқындалуы қоғамда әділдіктің салтанат құруына жол ашады деген пікір айтылуда. Сонымен қатар ұсынылған өзгерістердің өзегінде адам құқықтарының алға шығуы – мемлекет адам үшін қызмет етуі тиіс деген қағидаттың нығая түсуіне негіз болмақ. Ел азаматтарының айтуынша, бұл реформалар құқықтық мемлекетті қалыптастыруға және қоғамдағы сенімді арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.

Ғайса Қапақов, қала тұрғыны, зейнеткер:

- Көп өзгеріс енгізілді. 80% жуық өзгеріс енді. Сондықтан жаңа Конституция қабылдау туралы шешім қабылданды. Сол Конституцияны бүкіл халық болып, соны талдауымыз керек, қарауымыз керек. Референдум болатын болса, болашақта бүкіл халық болып қатысуымыз керек.

Ербол Салықов, облыстық Мәслихат депутаты:

- Ұжымда танысып, талқылап жатырмыз. Әрине, өмірде керек нәрсе. Өмір бір жерде тұрмау керек. Жалпы әлемдік жағдайларды ескеріп, елдің саяси өмірінде өзгерістер болуы меніңше дұрыс деп есептеймін. Әрине, соның барлығы қоғамның талқысынан өтіп, жақсы елдің болашағы үшін шешім қабылданады деп сенеміз.