Ең жоғарғы құндылық айқындалды

Жаңа Конституция жобасы – адамға бағытталған құжат ретінде ұсынылып отыр.

Басты заңның алғашқы бабында адам және оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең жоғарғы құндылық ретінде айқындалған. Бұл – Конституцияның рухы мен мазмұнының түбегейлі өзгергенін көрсетеді. Бүгін Мәжіліс депутаттары мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлары екінші рет бас қосып, құжатты талқылады. Заңгерлер бір палаталы парламенттің унитарлық мемлекеттер үшін тиімді екенін атап өтті. Мұндай жүйе заң шығару процесін жеделдетеді. Сондай-ақ депутаттар ерекше режимге қатысты түсініктеме берді.

Үнзила Шапақ, Конституция реформасы жөніндегі комиссия мүшесі, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ерекше режимге келетін болсақ, бұл бұрын да қолданыстағы Конституцияның ішінде бар. Қаржы сипаттағы ерекше мәртебе, халықаралық қаржы орталығына берілген болатын. Бұл бүгінге дейін қолданылып келе жатқан норма.

Уәлихан Ахатов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Заң факультетінің деканы:

- Әсіресе унитарлық мемлекеттерде бір палаталы Парламент өзінің өміршеңдігін, маңыздылығын және халық алдындағы жауаптылығын көрсетіп отыр. Осы орайда бүкіл бір палаталы Парламенттің маңыздылығы бұл заң шығару үрдісін тездетуге алып келеді. Екіншіден, заң шығару сапасына алып келеді.