Жезқазғанда бірнеше ауданға кәріз желісі тартылады

Жезқазғанда бірнеше ықшамауданға орталықтандырылған кәріз желісі тартылады. Қала әкімдігі ауқымды жобаға жұмсалатын қаржы көлемін есептеу үшін сметалық құжаттама жасап жатыр.

Су бұру жүйесі  шамамен 3500 абонентті қамтиды. Мамандар бұл мыңдаған тұрғынның мәселесін шешіп, өңірдің санитарлық-экологиялық жағдайын айтарлықтай жақсартуға үлес қосатынын айтады.  

Бекболатсай ықшамауданында мың жарымға жуық жеке тұрғын үй бар. Дегенмен осы уақытқа дейін мұнда су бұру жүйесі тартылмаған. Тұрғындар сарқынды суды төгу үшін ауласынан құдық қазып алған. 

Досымхан Жүністегі, Бекболатсай ықшамауданының тұрғыны:

- Осы біздің көшенің бойы бірыңғай қазақша айтқанда құдық қазылған. Соған үйдегі жаңағы судың бәрі соған келеді. содан сорғызамыз. Оның бәрі ақша ғой тожы. Иісі шығады, тез толады. Мына кезде бір үй бар. Аптасына бір тазалатады канализациясын. Көктемде, күзде жылдам толады. Жаңбыр жауған сайын шақырта береміз машиналарды. Оның бәрі қалтамызға тиіп жатыр.

Бекболатсайдан бөлек, қалаға қарасты тағы бірнеше ауданда, атап айтқанда Қостанкелді, Қабанбай батыр, Бөгінбай батыр ықшамаудандары мен 79-шы орамда кәріз жүйесі жоқ. Аталған аудандарда жалпы саны 3500-ге жуық жеке тұрғын үй бар. Қалалық әкімдік мамандары тұрғындардың жылдар бойғы мәселесі көп ұзамай шешімін табатынын айтады. 

Мәруа Келмағанбетова, Қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Осы жылы жобалық сметалық құжаттама дайындау үшін құрылыс бөлімі тарапынан бюджеттік өтінім өткізіліп қойды. Ақпан айындағы бюджетті нақтылау кезінде қаржы бөлінгеннен кейін жобалық құжаттама әзірлеуге кірісеміз. Жылдың соңына дайын болғанда алдағы 27 жылы бұл аудандарда орталық кәріз желілерінің құрылысы басталады. 

Облыста қолданыстағы кәріз жүйесінде де мәселе бар. Шамамен 70 пайызы тозған. Жергілікті билік оны алдағы 5 жылда кезең-кезеңімен жаңғыртамыз деп жоспарлап отыр. Былтыр Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кентінде 100 шақырымнан астам су бұру жүйесі жаңартылды. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмаилов