56 жасқа дейінгі тұрғындар әскери резервке алынды
Жамбыл облысында 56 жасқа дейінгі тұрғындар әскер қатарына қосылып жатыр. Қорғаныс саласында қызмет ету үшін келгендерге жалақы төленеді.
Оған қоса негізгі жұмысына кедергі келтірмейді. Тек айына 3 рет штабқа келіп, оқу-жаттығудан өтіп тұрса жеткілікті. Жауынгерлік жұмысқа қойылатын басты талап – әскери кафедраны бітірген не бұрын әскери салада қызмет еткен болуы шарт.
Резервтегі офицерлік құрамды жұмысқа қабылдау ел бойынша ең алғаш «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында басталды. Жалпы 56 адамды әскер қатарына қосу жоспарланып отыр. Бүгін соның 28-і келісімшарқа қол қойды. Олардың арасында кәсіпкерлер, зауыт қызметкерлері мен дене шынықтыру және алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушылары да бар. Солардың бірі – Рахат Үсенов. 45 жастағы тұрғын 22 жыл бұрын әскери кафедраны тәмамдаған. Сан жыл өткен соң әскер қатарына қайта алынды.
Рахат Үсенов, алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы:
- Бүгін азанда ғана қала тұрғыны болып осы жерге азаматтық сала маманы болып келген едік, 3 жылдық келісімшартқа резервтік әскери қызметке бүгін қазір ғана қол қойдық. Әрине бұл бір жағынан тиімді айына 3 күн сабаққа келіп қосалқы табыс көзі де болады. Күннен күнге Қазақстан армиясы жаңару үстінде сол мақсатта біздер енді бұрынғыны еске түсіру.
Резервтегі әскерилер айына 3 рет оқуға келеді. Штабта олар тактикалық сабақтарды оқып, барлау, әскери медицина, мемлекеттік құқықтық даярлықтан өтеді. Сондай-ақ жылына бір рет бір ай әскери полигондағы оқу-жаттығуға қатысады. Резервтегілерге әскери киім беріліп ай сайын 85 мың теңге жалақы төленеді.
Бекжан Нұрсұлтанов, Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы кадрлар басқармасының басшысы:
- Запастағы офицерлердің негізгі жұмысынан олар жұмыстан шығарылмайды. Белгіленген уақытта жұмыс орындарына хат жолданған. Олар негізгі жұмысынан босатылып, бір күнге босатылады. Сол босатылған күндеріне бір айда 3 күн келетін болса, сол 3 күнге оларға өзінің белгіленген жалақысы төленеді.
Офицерлерге 3 жылдық келісімшарт қарастырылған. Олар резервтен негізгі әскери қызметке ауысуына болады. Сондай-ақ әскери атақ алуына да мүмкіндік бар.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә