Таразда тұрғын үй алабы электр энергиясымен қамтылды
Тараздағы Көлтоған, Шөлдала, Айша бибі және Құмшағал тұрғын алабтарында жаңа станция салынып, электр қуаты үздіксіз беріле бастады.
Бұған дейін жарық жиі сөніп, тұрғындардың берекесі қашатын. Әбден тозған желілер жел соқса үзіліп, салдарынан тұрмыстық техника істен шығып жатады. Енді 25 мың тұрғын энергиямен толық қамтылды.
Шаһар шетіндегі Шөлдала шағын ауданы 2010 жылы қала құрамына қосылды. Оған дейін Жамбыл ауданында болып, ауданға қарасты кәсіпорындардан электр қуатын алатын. Алайда сәл самал жел тұрса жарық сөніп қала беретін. Кейін облыс орталығындағы «Тараз электр желіерінен» жарық алатын болды. Алайда мәселе толық шешілмеді.
Ескірген электр сымдары 15 жылдан бері жиі үзілетін. Одан бөлек энергияның қуаты да төмен еді. Үйлерге жеткенімен көшелерді жарықтандыру мүмкін болмады. Тұрғындарды титықтатқан проблеманы шешу үшін 3 жыл бұрын жоба жасалып, жоғары вольтты желілер жүргізіліп, қосалқы станциялар салынды.
Бақытжан Ергешбаев, қала тұрғыны:
- Жарықсыз майшаммен отырдық. Жарықтың барлығын жаңалап беріп жатыр. Подстанция салып беріп жатыр.
Мұрат Хасенов, қала тұрғыны:
- Осы жобаның біткеніне ауылдың тұрғындары қуанып жатыр. Үлкен кішісіне дейін қуанышты. Осы көктемде қосылса жақсы болар еді.
Қала шетінде тұратын 25 мың халықты энергиямен қамту үшін 3 станция салынып, ескірген 2 нысан жаңғыртудан өтті. Бұл жұмыстарға республикалық және облыстық қазынадан 8 млрд-тан аса теңге бөлінді.
Абзал Наржанов, Қалалық құрылыс бөлімінің бас маманы:
- 2024 жылы 2 млрд теңгесі бөлінді. 2025 жылы қалған 4 млрд теңгесі бөлінді. Енді 2026 жылы 223 млн теңге қаражат қарастырылған. Ол қаражатты наурыз айында игереміз деп жоспарлап отырмыз және жұмысты толық аяқтаймыз.
Шеткері шағын аудандарда мәселе мұнымен бітпейді. Жұрт жоғары жылдамдықты интернет жүргізіп, жолды асфальттап беруді сұрайды. Қала билігі бұл жұмыстарды кезең-кезеңмен атқарамыз деп отыр.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдәев