Таразда «Аспара» халықаралық сән көрмесі өтті

Оған 5 елдің дизайнерлері қатысып, авторлық топтамасын жұрт назарына ұсынды. 18 шебердің қолынан шыққан дүниелер көрмеге қойылды. Мәдени шара аясында конференция мен форум ұйымдастырылды. Жергілікті дизайнерлер де өз туындысын таныстыруға мүмкіндік алды. Шеберлік сағатын өткізіп, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты, деп хабарлайды 24KZ.

«Аспара» сән көрмесі биыл тоғызыншы рет, дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отыр. Халықаралық шараға Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Қырғызстан дизайнерлері қатысты. Өңір қолөнершілері де белсенді атсалысты. Шеберлер ұлттық нақыштағы авторлық бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып қана қоймай, саудаға да шығарды. Келушілерге шеберлік сағаттарын өткізіп, ұлттық қолөнердің қыр-сырын таныстырды.

Раушан Иманәлі, «Қолөнер-Тараз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

– Біз басымдылықты сол жүнге қойғанбыз. Біз осы жылдың ішінде 20-ға жуық шеберлік сағаттарын өткіздік. Мен үйренем деген кісілердің бәріне есігіміз ашық. Тегін өткіземіз. Тек қана келушінің үйренем деген талпынысы болу керек.

Халықаралық шара аясында форум өтті. Басқосуға жергілікті атқарушы органдардың, туризм және мәдениет салаларының өкілдері, тарихшылар, отандық және шетелдік дизайнерлер қатысты. Жиында Жамбыл өңірінде киіз басу, тоқымашылық және зергерлік өнер дәстүрлерінің сақталғаны сөз болды. Қатысушылар мұндай халықаралық шаралар өңірдің туристік әлеуетін танытып, шетелдік қонақтар санын арттыруға мүмкіндік беретінін айтты. Мәселен, биыл жыл басынан бері Жамбыл облысына 120 мыңнан астам турист келген. Олардың басым бөлігі Қытай, Өзбекстан, Жапония және Ресейден. Бұл өткен жылдың 10 айымен салыстырғанда 21 пайызға көп.

Серік Сәлемов, облыс әкімінің орынбасары:

– «Бұл шарамыздың негізгі мақсаты ұлттық код», – дейді ғой, ұлттық құндылығымызды біздің мәдениетімізді дәріптеу. Елге паш ету. Кейінгі жас өскелең ұрпаққа өнегелілік көрсету болып есептеледі. Яғни жалпылама алғанда бұл біздің қазақтың мәдениетін қалыптастыру.

Айдархан Қалиев, дизайнер:

– Біздің «Аспара» сән үйі неофольклор бағытында көп жылдан бері жұмыс істеп келеді. Яғни ұлттық киімдерді заман талабына сай жаңғыртып, заманауи үлгіде тігеміз. Біздің мақсатымыз – ұлттық киімді тек мерекелерде ғана емес, күнделікті өмірде де кию мәдениетін қалыптастыру. Сондықтан дәстүрлі нақыштарды сақтай отырып, киім үлгілерін бүгінгі талғамға бейімдейміз. Осындай көрмелер арқылы ұлттық киімді күнделікті киюге болатынын көрсетеміз.

Шара көрме павильонында «Мұра коды» атты сән көрсетілімімен жалғасты. Подиумда 5 елден келген 18 дизайнер өздерінің авторлық топтамаларын ұсынды. Көрсетілімде ұлттық киім үлгілері мен дәстүрлі ою-өрнектердің заманауи сәнмен үйлесімі көрініс тапты. Халықаралық шара өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан

Сондай-ақ оқыңыз: