Дауылдың зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр
Қонаевта дүлей дауылдың зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр. Қатты дауыл бірнеше үй мен ғимараттың шатырын ұшырып әкеткен.
Секундына 27 метр жылдамдықпен соққан жел электр сымдарын үзіп, инженерлік желілерді де бүлдірді. Коммуналдық қызметтер күшейтілген режимге көшті. Бригадалар түнде құлаған ағаштарды жинап алды. Кейбір шағын аудан жарықсыз қалғандықтан үзілген желілер жедел қалпына келтіріліп жатыр. «Ауыз су және жылумен жабдықтау жүйелері қалыпты жұмыс істеп тұр», - дейді жауаптылар. Ауа райының қолайсыздығынан қала мектептері қашықтан оқытуға көшті.
Ақерке Жұмағазы, қала әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Қазіргі таңда барлық ақауларды қалпына келтіру бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Келтірілген шығын көлемі есептеліп отыр. Ол туралы қосымша хабарлаймыз. Осы жолы көптеген көлікке, қателеспесем шамамен сегізіне зақым келген болатын. Ол бойынша сақтандыру компанияларымен қала басшылығы келіссөздер жүргізеді.