Саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған бастама
Конституциялық реформа – Мемлекет басшысының еліміздегі саяси жүйені терең және жүйелі жаңғыртуға бағытталған бастамаларының заңды әрі дәйекті жалғасы.
Сенат төрағасы Конституция жобасының негізгі мәнін талқылауға арналған дөңгелек үстелде осылай деді. Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен жиынға сенаторлардан бөлек, сарапшылар, ғылыми және талдау орталықтарының, салалық институттардың өкілдері қатысты. Олар реформаны сараптамалық тұрғыда сүйемелдеудің маңызды екенін айтып, алдағы уақытта сындарлы диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- Конституциялық реформа – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси жүйені жаңғырту бастамасынан туындаған маңызды шешім. Бұл жоспарлы ойластырылған және ұзақ мерзімге бағытталған қадам. Реформаның басты мақсаты әділетті Қазақстанның жаңа Конституциялық моделін қалыптастыру. Сол арқылы әділдікке, заң үстемдігіне және тең мүмкіндікке негізделген мемлекет құру көзделіп отыр. Конституциялық реформаны жүзеге асыру бүкіл ұлттың жауапкершілігі екені анық. Сондықтан осындай маңызды кезеңде бірлік пен ынтымақтың маңызы аса зор.