«Жібек жолы» өткізу бекеті жаңғыртудан кейін қайта ашылды

Шекарадағы «Жібек жолы» өткізу бекеті жаңғыртудан кейін қайта ашылды. Енді біздің ел мен Өзбекстан арасындағы ең ірі бекет арқылы жолаушылар ағыны 4, жеңіл көлік қатынасы 5 есе артады. Сондай-ақ туризм мен шекарадағы инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік туады, деп хабарлайды 24KZ.

«Жібек жолы» өткізу бекеті қазақ-өзбек шекарасындағы стратегиялық маңызды өткелдердің бірі. 1 жылдық үзілістен кейін қайта іске қосылды. Жаңартылған нысанның ашылуына Қаржы министрі Мәди Такиев пен Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары – Экономика және қаржы министрі Жамшид Кучкаров қатысты. Тараптар бекет екі ел арасындағы барыс-келісті жеңілдетіп, сауда айналымының артуына ықпал етеді дейді.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

– 2024 жылы бұл бекеттен 11 млн адам өткен көрші елге. Биыл жаңғыртудан өткеннен кейін бұл бекеттің адам өткізу қабілеті 4 есеге артады. Біз жаңа Q-gate қойдық. Одан бөлек, 82 тексеру пункттері бар. Жолаушылар тез өтетін болады. Жүкпен келе жатқандар бөлек өтеді, жүксіз келе жатқандар тез өтеді. Ары кетсе 5-10 минутта өтіп кетеді.

Жаңғырту аясында әрқайсысының аумағы 10 мың шаршы метр болатын екі жолаушылар терминалы салынды. Бұл өз кезегінде бекет арқылы өтетін жолаушылар ағынын 4, жеңіл көлікті өткізу қабілетін 5 есеге арттырады.

Жандос Жұмабек, тілші:

– Бұрын мұнда тәулігіне 20 мың адам өтетін болса, енді 70-100 мыңға дейін жолаушы өткізуге қауқарлы. Сондай-ақ бұрын тәулігіне 500 жеңіл көлік өтетін болса, енді 3 мың автокөлікті еш қиындықсыз қабылдайды. Одан бөлек, 400 автобусқа дейін өткізе алады.

«Жібек жолы» шекара бекеті соңғы үлгідегі халықаралық талаптарға сай жаңғыртылып, жолаушыларды өткізу пункті озық технологиялармен жабдықталды. Заманауи жүйелер жекелеген бақылау рәсімдерін электронды форматта жүргізіп, жолаушыларға қызмет көрсету аясын кеңейтуге жол ашты.

Мақсат Серікбай, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Жібек жолы» кеден бекетінің бас маманы:

– Заманауи құрылғылар қойылғандықтан, ол қызметкерлерге де жеңілдік береді. Шекара қызметінің паспорттық бақылау пункттерінің көбеюі, рентген аппараттық құрылғылардың көбеюі, автокөлік жолақтарының көбеюі, Face ID, сканерлеу арқылы азаматтардың кептелісті болдырмай, тездетіп өтуі, сол бойынша жұмыс істеліп, бөлмелері бәрі орнатылды.

«Жібек жолының» туризм әлеуетін арттыруға да септігі мол. Себебі бұрын мереке күндері мұнда жолаушылар сағаттап кезек күтетін. Енді адамдардың жылдам әрі ыңғайлы өтуі үшін барлық жағдай жасалған.

Сайт Сүйінханов, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

– Біз алдында Қапланбек бекетінде кептеліске байланысты тұратынбыз. Ал енді «Жібек жолы» бекетін көріп, қуанып жатырмыз. Өте үлкен керемет. 6 жолақ, 24 паспорттық қабылдау бекеті қойылған. Енді кептеліс болмайды деген ниеттеміз.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес шекаралық аймақтағы инфрақұрылымдар жүйелі түрде жаңғыртылып жатыр. Соңғы 2 жылда Өзбекстан, Қытай және Түрікменстанмен арадағы шекаралық аумақта 10 автомобиль өткізу пункті жөнделіп, іске қосылды. Биылғы 10 айда шекарадан өткен автокөлік саны 23% өсіп, 1 млн 700 мыңға жетті. Еліміз бойынша кедендік салық түсімі 4,3 трлн теңгеге ұлғайып, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 20%-ға артты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Сондай-ақ оқыңыз: