Отбасы институты – жаңа Конституцияның өзегі
Жаңа Конституция жобасында отбасы институты ерекше мәнге ие.
Себебі отбасы – қоғамның негізгі тірегі, ұрпақ тәрбиесінің бастауы және ұлттық құндылықтардың сақталу өзегі. Осы бағытта бүгін елордадағы С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде жаңа Конституция жобасын талқылауға арналған жиын өтті. Шараға университеттің басқарма мүшелері, проректорлар, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен профессор-оқытушылар қатысты. Жиын барысында жаңа Конституция жобасында ана мен бала құқығын қорғау және отбасының әлеуметтік тұрақтылығын нығайту мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі екені атап өтілді. Сонымен қатар адам құқықтары мен бостандықтары, заң мен тәртіп қағидаттарына қатысты баяндамалар оқылды.
Күлпан Аликенова, С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ «философия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
- Қазіргі кезде алып қашу көбейіп жатыр. Бұрыннан келе жатыр, соны доғаратын бір заң қабылданбаған. Өйткені ер мен әйел арасында тең жауапкершілік болу керек қой. Мысалы, ер адам өз қолын ұсынып, жұбайы ретінде алса, қыздар да өз жауапкершілігін алып, алдын ала болжап, ол адаммен қалай өмір сүру керек дегенге теріс те көне қоя қоймайтындай, сондай жағдайға жететін құқық беріп отыр.