Көктемгі дала жұмыстары қыза түсті
Солтүстік, Шығыс, Арқада бұрқасын соғып, аяз күшейіп жатса, оңтүстіктегі ағайын қырға шығып үлгерді.
Жетісай, Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара аудандарының шаруалары мың гектар алқапқа қырыққабат пен қызылша егіп тастады. Есебі де дайын. Оның ішінде 410 гектары қырыққабат, 590 гектары қызылша. Биыл осы Түркістан өңірінде 18 мың гектарға ерте пісетін көкөніс дақылдарын егу жоспарланған.
Келес ауданына қарасты Ақжол ауылының тұрғыны Хантөре Бекжан биыл 5 гектар жерге қырыққабат көшетін егіп жатыр. Диқанның айтуынша, бұл сұрып ерте пісуімен және өнімділігімен ерекшеленеді. Ауа райы қолайлы болғандықтан егіс жұмыстары биыл ерте басталған.
Хантөре Бекжан, диқан:
- Қырыққабат егіп жатырмыз. Қырыққабатымыздың сорты «Фарао». 55-60 күнде дайын болады. Гектарына 55-60 тоннадан өнім береді. Ресейге жөнелтеміз піскен уақытта.
Шаруа егу жұмыстарына қолы бос ауыл тұрғындарын жұмылдырған. Әрқайсысына күндігіне 8 мың теңгеден ақы төлейді. Тұрғындар жылдағы істеп үйренген жұмысымыз болғандықтан ырыс-несібемізді осы диқаншылықтан табамыз дейді.
Нұрсұлу Абитжанова, жұмысшы:
- Биылғы диқаншылық басталды. Жұмыс ауыр емес. Жылда егіп жүрген диқаншылығымыз. Осы жұмыстың арқасында бала-шағамызды бағып отырмыз. Күнделікті ырыс-несібемізді осылай тауып жатырмыз. Осы қырыққабатты шабымыз, артамыз.
Қазір аудандағы Біртілек, Қошқарата, Алпамыс батыр және Ақтөбе ауылдық округтерінде де егіс науқаны қызу жүріп жатыр. Шаруалар бүгінге дейін 160 гектарға қырыққабат, қызылша, картоп дақылдарын еккен. Биыл аудан шаруалары 6 мың 500 гектарға ерте пісетін көкөніс егуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ облыс шаруаларына берілетін тыңайтқыш құнын субсидиялауға 9,5 млрд теңге қаржы бөлінген.
Мадияр Мамытов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:
- Биыл Түркістан облысында көктемгі ерте пісетін көкөністерді егу мен жинауға 36,8 млрд теңге қаражат қаралған. Оның бүгінгі таңда 7,2 млрд теңгесі игерілді. 313 жобаға таратылып берілді. Алдағы уақытта қалған қаражат шаруалардың өтінім беруіне сәйкес, үйлестіріліп берілетін болады.
Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына 25 мың бірлік техника жұмылдырылады деп күтілуде. Жалпы биыл ерте пісетін көкөніс дақылдарынан 392 мың тонна өнім алу жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов