Ақмола облысында ауыл шаруашылығының өнім көлемі екі есеге артты

Ақмола облысында кейінгі жеті жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі екі есеге өсті. Мәселен, 2019 жылы мамандар 487 млрд теңгенің өнімін өндірсе, биыл бұл көрсеткіш 1 трлн теңгеден асып жығылады, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне орай өткен жиында өңір басшысы мәлімдеді. Салтанатты шарада салаға сүбелі үлес қосқан ақмолалықтар мемлекеттік наградалармен марапатталды. Бір маманға су жаңа баспана кілті табысталды.

Қамбаны алтын дәнге толтырған диқан. Техниканың тілін тапқан механизатор. Асылтұқымды мал басын көбейткен шаруа. Бүгін осы маманның барлығы Көкшетау төрінде бас қосты. Олардың алты ай жазғы еңбектері еленіп, әрқайсысына жеке құрмет көрсетілді.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

– Биыл кәсіби жетістіктері мен өңіріміздің және еліміздің дамуына қосқан елеулі үлесі үшін 30 ақмолалықтар жоғары мемлекеттік наградаларға ие болды. Сонымен қатар аудан және ауыл еңбеккерлеріне 200-ден астам мемлекеттік және ведомстволық наградалар салтанатты түрде табыстау үшін жолданды.

Осындай жоғары марапатқа ие болғандардың бірі – Манат Екібасов. Ол Бұланды ауданындағы серіктестіктің бірінде 40 жылға жуық механизатор болып еңбек етеді. Әкесінің даңғыл жолын жалғаған білікті маман «Еңбек даңқы» медалімен марапатталды.

Манат Екібасов, механизатор:

– Ол жылдар бойы жыл істеп келе жатқан еңбегімнің жемісі деп ойлаймын. Оңайшылық жұмыс жоқ. Еңбегімді бағалап жатқан басшыларға рақмет.

Салтанатты шара барысында 50-ге жуық адамға түрлі марапат табысталды. Олардың бірі мемлекеттік награда алса, енді бірі қызметтік көлікке ие болды. Ал бір еңбек адамына жаңа баспана кілті табысталды.

Ерлан Есжанов, «Burabay Milk» ЖШС бас инженері:

– Өте қуаныштымын. Бурабай ауданы Ақылбай ауылынан пәтер берді. Кішкене қобалжып тұрмыз.

Айталық, қазір өңірді астық жинап, экспортқа шығарудан бөлек, оны терең өңдеу жұмыстарына басымдық берілген. Осы бағытта жылына 3 млн тонна астық өңдейтін ірі кәсіпорын мен екі бірдей май зауытын салу жоспарланып отыр.

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виткор Полянный

Сондай-ақ оқыңыз: