Биыл бюджетке ₸4,4 трлн қосымша салық түседі

Салық реформасының нәтижесінде биыл бюджетке қосымша 4,4 трлн теңге түседі. Үкіметтің болжамы осындай.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев көрсеткіш қуалаймын деп шамадан тыс салық салу, бизнесті заңсыз немесе негізсіз қыспаққа алуға болмайтынын жеткізді. Бюджетті тиімді салықтық әкімшілендіру арқылы толықтыруға болады деп, жүйені жаппай цифрландыруға шұғыл кірісуді тапсырды. Жаңа салық-бюджет саясаты теңгерімді сипат алып, экономиканы орнықты дамытуға, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағдарлануы қажет екенін есе салды. Айта кетейік, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа салық режимі іске қосылғалы бері 180 мыңнан астам жаңа салық төлеуші заң аясында әрекет ете бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады.

Президенттің келесі тапсырмасы мынадай. Банктер, агрегаторлар мен маркетплейстер салықтық әкімшілендірудің әрекет ету аясына толықтай еніп,. салық агенттері міндетін атқаруға тиіс. Мемлекеттік кірістер комитетіне толық цифрлық режимде жұмыс істейтін «фискальдық деректер фабрикасына» айналу міндеті жүктелді. 2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың цифрлық тәсілін енгізу қажет. Сонымен қатар Ұлттық тауарлар каталогы мен Отандық тауар өндірушілері реестрін жедел іске қосып, тауарларды цифрлық таңбалау жүйесін кеңейткен жөн. Бірақ тауар таңбалауды жоспарланған өндіріске зиянын тигізбей жасау керек.