Өнеркәсіп саласында суды үнемдеу мәселесі қарастырылды
Шаруа құдық қазып, құбыр тартып, су үнемдеу жабдықтарын сатып алып жатса шығының 80 пайызын мемлекет өтейді. Қосымша субсидиясы да бар.
Ал тіршілік нәрін рәсуа етіп, үнемдемегендердің субсидия алуына белгілі бір мөлшерде шектеу қойылады.
Ал өнеркәсіп саласында суды қайта пайдалану маңызды. Себебі елдегі жалпы су көлемінің 25 пайызын өндіріс тұтынады. Сондықтан 2030 жылға дейін өндірістегі суды қайта қолдану көрсеткішін 28 пайызға жеткізу міндеті тұр. Жалпы былтыр 847 млн текше метр су үнемделді. Су үнемдеу технологиясын енгізуде мемлекет қолдауы тиімділігін көрсетті.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Ел экономикасына жылына 25 текше шақырым су керек. Оның ішінде ауыл шаруашылығының үлесі басым. Яғни 65 пайызына дейін агросектор пайдаланады. Ал өнеркәсіптің қажеті 25 пайызға жуықтаса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы 8-10 пайыз мөлшерінде кәдеге жаратады.
Кейінгі жылдары Үкімет тіршілік нәрін үнемдеуге күш салып отыр. Мәселен, өнеркәсіпте суды қайта пайдалану технологиясы енгізілмек. Жаңа су кодексінде кәсіпорындарға суды бірнеше мәрте қолдану міндеттелді. Яғни 2027 жылға дейін арнайы жоспар әзірлеуі шарт. Одан кейінгі бес жылда қондырғыны іске қосуға тиіс.
Қарлығаш Нуриханова, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы:
- Өнеркәсіп саласы бойынша судың пайдаланған шығынын санап, қазіргі кезде 13 пайыз көлемінде қайтарылмалы және айналмалы жүйелері пайдаланылғанын көріп отырмыз. Биылғы жылға қойылған индикатор бойынша 17 пайыз, 2030 жылға дейін 28 пайызға жеткізу жоспарда.
Дегенмен судың жартысынан көбін ауыл шаруашылығы тұтынатынын айттық. Сондықтан салада су үнемдеу технологиясын енгізу маңызды. Бұл орайда мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылған. Мәселен, қазір шаруаның ұңғыма бұрғылау, құбыр тарту және су үнемдеу жабдықтарын сатып алуға жұмсаған шығыны 80 пайызға дейін өтеледі. Сондай-ақ су тарифіне сараланған жүйе енгізіліп, үнемдеу технологияларын қолданатындарға 60-тан 85 пайызға дейін субсидия беріледі. Ал бұл іске салғырт қараған диқандарға субсидия жыл санап 10 пайыз кеми бермек.
Қарлығаш Нуриханова, ҚР СРИМ Су үнемдеу технологияларын дамыту департаменті директорының міндетін атқарушы:
- Су үнемдеу технологияларын пайдаланған жағдайда суғаруға пайдаланған шығыстарының 60-тан 85 пайызға дейін көлемін қайтарып береді. Су үнемдеу технологияларын пайдаланбаған жағдайда субсидия көлемі жыл сайын төмендетіліп отырады. Қайтарылған субсидия көлемі 2024 жылы 50 пайыз болса, 2025 жылы 40 пайыз болды. Биылғы жылы 30 пайыз, 10 пайызға жыл сайын төмендетіліп жатыр.
Былтыр үнемдеу тенологиясының арқасында 847 млн текше метр су үнемделді. Ал алдағы жазда тіршілік нәрі тапшы болады деген қауіп бар. Сондықтан егісті әртараптандыруға ден қойылып отыр. Мәселен, суды сүйетін күріштің орнына майлы дақылдар егіледі. Соған сай арнайы лимит бекітілді. Биыл Сыр өңіріндегі күріш алқабы 70 мың гектардан аспауға тиіс болса, Түркістан облысындағы меже 3,5 мың гектар көлемінде шектелді.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Өрден Жарқын, Айбек Омархан