Ақмола облысы қауіптің алдын алуға қам жасап жатыр
Жабай, Қалқұтан, Шағалы, Нұра және Есіл өзендерінің 60 шақырымы тазартылды. Өйткені бұл өзендер жыл сайын тасиды.
17 гидротехникалық нысан қайта жаңғыртылған. «Бұл арқылы 70 ауылдағы 64 мың тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз еттік», - дейді жауаптылар.
Атбасар тұрғыны Өмірсерік Шайхин, 2014 жылғы су тасқыны кезінде баспанасыз қалған. Сол кезде 200-ден астам үйді су шайып кеткен еді. Көп ұзамай тұрғындарға жаңа үй берілді. Ол қазір Жабай өзеніне жақын тұратын атбасарлықтар үшін алаңдайды. Жергілікті қоғамдық кеңестің мүшесі ретінде тасқынның алдын алу жұмыстарын бақылап отыр.
Өмірсерік Шайхин, қала тұрғыны:
- Қоғамдық жұмыстардың ортасында жүрген азаматтың біреуімін. Осында жергілікті қауымдастықтың мүшесі ретінде қала тұрғыны ретінде біз жұмыстарды бақылап, қадағалап отырамыз. Күнде болмаса да, күнара келіп тұрамыз. Қандай жұмыстар қайда жерде атқарылып жатқанын қараймыз. Өйткені бізге ол керек нәрсе.
Жабай өзенің тереңдету жұмыстары былтыр басталды. Екі жылдық жоба аясында өзеннің жеті шақырымы тазартылады. Қазір осы жұмыстың басым бөлігі орындалды.
Әділхан Жұматаев, мердігер:
- Бүгінгі күнге дейін жұмыстың 70 пайызы орындалды. Қазір өзен арнасын кеңейтіп, жаңа бөгет орнатып жатырмыз. Бұл жұмысқа шамамен 100-ге жуық техника мен 200-ден астам адам жұмылдырылды. Жазға дейін барлық жұмысты аяқтаймыз.
Су тасқынының алдын алу жұмыстары барлық ауданда жүріп жатыр. Күні бүгінге 50 шақырымға жуық канал тазаланып, 40 шақырым бөгет тұрғызылды. Сондай-ақ биыл қар шығару және мұз жару жұмыстарына қаржы жылдағыдан көп бөлінді.
Әди Халел, Облыстық жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасы басшысының орынбасары:
- 2026 жылы қыс мезгізілінде қар шығару жұмыстарына 4 миллиардтан астам қаражат бөлінді. Бұл сумма өткен жылға қарағанда екі есе көп. Бұдан бөлек, өзен арналарындағы мұз жару жұмыстарына 103 млн.теңге қаражат бөлінді. Бұл сомма да 1,7 есеге көп. Қазіргі кезде облысымызда су тасқанына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Синоптиктер қардың былтырғыдан 30 пайыздай аз түскенін айтады. «Алайда топырақтың тоңы қатты. Қалың мұз ерімей, қар суы жерге сіңбейді», - дейді мамандар.
Надежда Гуришкина, «Қазгидромет» РМК филиалының бөлім басшысы:
- Әзірге жоғары қауіп Бұланды және Астрахан аудандарында тіркеліп отыр. Ал Атбасар, Сандықтау, Целиногрдан аудандарындағы ахуал орташа деп бағаланады. Жалпы ақпан және наурыз айлары құбылмалы болады. Су тасқынына қатысты нақты болжам наурыз айында жасалады.
Мамандар қардың қашан ери бастайтынын дөп басып айта алмайды. Десе де арқаны кеңге салуға болмайды. Сондықтан тасқынға тосқын шаралары жалғасады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный