Атырауда тазалық жұмыстары көңіл көншітпейді
Атырау қаласының іргесіндегі ықшам аудандарда қоқыс мәселесі ушығып тұр.
Тұрғындардың айтуынша, орталық көшелердің тазалығына баса мән беріліп, шеткі аймақтар назардан тыс қалған. Аула маңында жиналған тұрмыстық қалдықтар уақытылы шығарылмай, экологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отыр. Қала халқы санитарлық тазалық жұмыстарының сапасына көңілі толмайтынын жеткізеді.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Бұл қала іргесінде Жұлдыз-2 және Жұлдыз-3 ықшам ауданының аралығы. Жергілікті жұрт «Орбита» деп атап кеткен. Мінекей, көріп түрғаныңыздай, бұл аумақ қоқыс алаңына айналған. Жұрт көзінен және камерадан таса осындай шеткі аумақта мұндай көріністі жиі кездестіруге болады.
Қала іргесіндегі ықшам аудандар ғана емес, тазалыққа қатысты олқылықтар орталықта да бар. Бұл – Атырау ықшам ауданындағы жағдай. Кезіндегі карьердің орыны қазір тұрмыстық қалдыққа толған. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлердің маңы да дер кезінде жиналмайды,- дейді тұрғындар.
Жайық өзенінің жағалауы да қоқысқа толған. «Демалушылар балық аулауға келіп, кетерде қоқыс қалдығын тастап кетеді», - дейді эколог Мәнсия Есенаманова. Бұл мәселеге де баса назар аудару керегін айтады.
Мәнсия Есенаманова, эколог:
- Демалыс орындарында мысалы, қазіргі уақытта қыста да балық аулаған кездерде де көптеген қалдықтарды арттарынан қалдырып кетеді. Бөтелкелер, пластик, пакеттер көбейіп кетеді. Ал енді олардың ыдырау мерзімдері өте жоғары екенін, көп уақыт алатынын бәріміз білеміз. Төменгі сатыдан бастауымыз керек, балалардан үйретуіміз керек. Артымыздан қалдықтарды тастамау, қоршаған ортаға көңіл аударып, ағаштарды сындырмау деген сияқты.
Мәселені шешу мақсатында биыл өңірде қоқысты жинау, сұрыптау және қайта өңдеу бағытында бес жоба жүзеге асады. Оның төртеуі облыс орталығында. «Нәтижесінде мыңдаған тонна қалдық қайта өңделіп, 200-ге тарта жұмыс орыны құрылады», - дейді жауаптылар. Бұған қоса, қосымша қоқыс контейнерлері де алынып жатыр.
Ғасырбек Төлеген, қалалық әкімдіктің ресми өкілі:
- 1000-ға жуық қоқыс контейнерлеріне, жаңа қоқыс контейнерлеріне тапсырыс беріліп, қазіргі таңда 500-і келіп, 500-і келеді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар осы ауылдық округтердің аумағында жан-жануарлардың қоқыс контейнерлерін маңында қоқыстарды шашпаудың мақсатында 100 қоқыс контейнерлер жаңаша қоршаулармен қоршалып, жаңартылып жатыр.
Тазалықты сақтау үшін тәртіп те күшейіп жатыр. Былтыр қоршаған ортаны ластап, экологиялық талаптарды бұзу бойынша 7640 дерек тіркелген. Заңбұзушыларға жалпы көлемі 133 млн теңгеге жуық айыппұл салынды.
Зарина Төребаева, Облыстық табиғи ресурстар және тпр басқармасы басшысының орынбасары:
- Биылғы жылы 2026 жылдың қаңтар айында 434 және 505-бап, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің баптарына сәйкес, барлығы 300-ден астам хаттама толтырылып, 2 млн-ға жуық айыппұл салынып келді.
Тазалық мәселелеріне дер кезінде мән беру мақсатында құрылған «Tazaqazbot» телеграмм чат-ботының ел ішіндегі насихаты да кемшін түсіп жатыр. Өйткені былтыр 444 өтінім ғана тіркелген, оның 410-ы орындалған. Ал биыл қаңтар айында аулалардың тазалығы, қоқыс пен қардың уақытылы шығарылмауы деректері бойынша 67 өтінім ғана қаралған.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов, Жандос Рахметуллин